RU

Алматыда арнайы операция кезінде қылмыстық топ ұсталды

Ұрылар
Фото: polisia.kz

Алматыдағы Медеу ауданында полицейлер Шығыс Қазақстаннан келген пәтер тонаушылар тобын қолға түсірді деп хабарлайды Polisia.kz.

"Горный Гигант" шағын ауданындағы үйлердің бірінен шыққан бес адамды арнайы жасақ сарбаздары күтіп алған.

Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбековтің айтуынша, қылмыстық топқа ШҚО-ның бес тұрғыны мүше болған. Олар бұған дейін де мүліктік қылмыстары үшін сотталған.

Ұсталар алдында қарақшылар пәтерді тонап, ақша салынған сейфті, алтын бұйымдар, заттар мен екі ноутбукты ұрлап шыққан.

Ұрланған заттар
Фото: polisia.kz

Күдіктілердегі заттай айғақтар "Ұрлық" бабы бойынша тергеліп жатқан қылмыстық іс материалдары үшін тәркіленді.

Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта ер адамдардың Медеу ауданында осыған ұқсас тағы үш қылмысқа қатысы бар екені анықталды.

Құқық қорғаушылар қылмыс географиясы мегаполистегі бір ауданның шеңберінен шығуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қазір осы болжам тексерілу үстінде.

Еске сала кетсек, Алматы қаласының тәріп сақшылары ломбардқа жасалған қарулы қарақшылық шабуылдың жолын кесті. Қаскөй екі ер адам пышақ және тапаншамен қаруланған.

Бұл факт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне қылмыстық кодекстің 192-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы ("Қарақшылық") бойынша тіркелген.

Айта кетсек, осыған дейін Алматы облысында 34 жастағы әйелді көлікте пышақтап өлтіріп кеткенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887636-almatyda-kylmystyk-topty-stau-sin-arnajy-operacia-tkizildi/