Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жігіттерге қарауға уақытым жоқ": 20 жастағы бойжеткен қалай "Алматы аруы" атанды

Жарияланған күні:

"Алматы аруы - 2020" байқауының жеңімпазы
Фото: жеке мұрағат/Асият Исембаева, "Алматы аруы - 2020"

Жақында оңтүстік астананың ең сұлу аруы анықталды. Мыңдаған қыздың ішінен суырылып шығып, «Алматы аруы-2020» атанған Асият Исембаева KAZ.NUR.KZ порталына сұхбат берді. 20 жастағы алматылық бойжеткен көптеген арудың арманы болған атаққа қалай ие болғанын және көпшілікті қызықтырған жеке өміріне қатысты ақпаратпен бөлісті.

Асият, сізді "Алматы аруы-2020" титулын жеңіп алуыңызбен құттықтаймыз. Өзіңіз осы қалада туып-өстіңіз бе? Ата-анаңыз қай жақтың тумасы?

- Иә, мен Алматыда тудым. Әкем - Атыраудан, ал анам - Шымкенттен.

Алматының ең әдемі аруы атанып, әп-сәтте танымал болдыңыз. Қазір сізге көпшілік назар аудара бастады, әрбір жүріс-тұрысыңызға баға беріледі, сын айтылады. Осы атақпен бірге келген жауапкершілікті сезінесіз бе?

- Иә, әрине, жауапкершілік бар. Өмірімде мұндай жаңалық жылдам орын алады деп ойлаған жоқпын. Үлкен жауапкершілікті сеземін және өзімді бұдан әрі жақсы жағынан көрсеткім келеді. Өзімнен кейінгі өсіп келетін кішкентай қыздарға да үлгі болатыныма сенімдімін.

Асият Исембаева Алматы аруы 2020 атанды
Фото: жеке мұрағат/Асият Исембаева, "Алматы аруы - 2020"

- Алматы аруы байқауы қалай өтті? Байқаудың ұйымдастырылуы көңіліңізден шықты ма?

Байқау жақсы өтті. Ең қиын болғаны пандемияның кесірінен байқау 10 айға созылды.

Байқауға қатысқан қыздардың арасында бәсеке болды ма? Олармен ара-қатынасыңыз қандай?

Байқауға қатысқан қыздар өзара жақсы араласамыз. Сыйласып тұрамыз. Байқау болған жерде бәсекелестік бары заңдылық. Дегенмен бізде ұрыс-керіс болған емес. Байқауда бірге болған қыздар мейірімді, ашық-жарқын екен. Ұзақ уақыт бір жүрген соң, достасып үлгердік.

Асият Исембаева Алматы аруы 2020 байқауында
Фото: жеке мұрағат/Асият Исембаева, "Алматы аруы - 2020"

Байқаудан кейін сізге әлеуметтік желіде достық ұсынған жігіттер көбейген болар?

Иә, жігіттердің назар аударып жатқанын байқадым. Бірақ қазір ондайға уақытым жоқ. Менің алға қойған мақсатым бар. Соған жеткім келеді. Сондықтан әзірге ешқандай жігітке қарау жоспарымда жоқ, ойымда жоқ.

"Алматы аруы-2020" атағын алғаннан кейін күн тәртібіңіз өзгерді ме?

Өзгерістер бар, мысалы менің күн тәртібімде спорт пайда болды. Залға барып, кроссфитпен айналыса бастадым. Сұхбаттар, фотосессиялар болып тұрады. Қазір студентпін. Мәскеу халықаралық университетінде 1 курста оқимын. Болашақ журналиспін. Әзірге сабағым онлайн болып жатыр.

Журналистикада сізге қай сала қызық? Не туралы жазғыңыз/айтқыңыз келеді?

Оқушы кезімнен жазуды, кітап оқығанды жақсы көремін, журналистика саласы жаныма жақын. Маған телевизия саласы ұнайды. Болашақта шоу құрғым келеді. Жұлдыздармен сұхбаттасып, тележүргізуші болсам деймін.

Асият Исембаева Алматы аруы 2020 байқауында жеңімпаз болды
Фото: жеке мұрағат/Асият Исембаева, "Алматы аруы - 2020"

Қазіргі қазақ қызы сенің ойыңша қандай болуы тиіс?

Қазіргі қазақ қызының бойында сыртқы сұлулығы ішкі жан дүниесімен астасып жатуы тиіс. Ол заманауи талаптарға сай дами отырып, рухани жағын да ұмытпау керек. Содан соң жалқау болмау керек. Армандай білуі маңызды. Әр адамның бір нәрсеге икемі болады, сол қабілетін ашу бағытында жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Өзіме келер болсам, мен әр істі шын жүрекпен жасауға тырысамын. Және бірінші рет жолым болмаса, қайта тұрып істеуге ерінбеймін. Бастағанымды аяғына жеткізгім келеді.

Алға қойған мақсатың не?

Дәл қазір байқаудың келесі деңгейі "Қазақстан аруына" дайындықты бастадым. Күнделікті спорт және модельдік турға дайындық. Сосын әрине, сабағым бар. Карьерама жақынырақ болу үшін жұмыс істесем деймін.

Ендеше, іске сәт! Сұхбатыңызға көп рахмет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887776-zigitterge-karauga-uakytym-zok-20-zastagy-bojzetken-kalaj-almaty-aruy-atandy/