Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Миллион теңгемді бермеді": Танымал блогерге өкпелі 7 баланың анасы мұңын шақты (фото)

Опубликовано:

Батыр ана
Фото: Шынар Нүсіпбаеваның жеке мұрағатынан

Алматыда тұратын 7 баланың анасы Шынар Нүсіпбаева KAZ.NUR.KZ тілшісіне хабарласып, елге "Қалаулым" шоуы арқылы танылған блогер "Ұлдана Ерқасымқызынан 1 миллион теңге ақшасын ала алмай жүргенін" айтты. Батыр ананың сөзінше, блогер үй сатып алуға байланысты арадағы келісімді орындамай, берешек болған 1 миллион теңгені төлеуден бас тартқан. Ал блогер болса, бұл айыптаулардың жалған екенін алға тартуда. Осы орайда, KAZ.NUR.KZ қос тараптың жауабын тыңдап, оқиғаға қатысты адвокаттың да пікірін біліп қайтты.

Шынар Нүсіпбаева қалалық жедел жәрдемде фельдшер болып жұмыс істейді. 1998 жылы тұрмысқа шыққан ол 21 жыл бойы отбасымен жалдамалы пәтер жағалап, былтыр Жамбыл ауданы Қарғалы ауданынан жер үй сатып алған.

Бұл үйді ол өзінің екінші қызы Әсел Нүсіпбаеваның атына рәсімдейді. Себебі, айтуынша, үйдің жарты ақшасын қызы өз еңбегімен тауып төлеген. Ал үй құнының қалған бөлігіне ата-анасы несие рәсімдепті. Алайда, коронавирусқа байланысты жағдайлары қиындаған Нүсіпбаевтар отбасы несиені төлей алмай, үйді сатылымға қояды.

"Үйді сатылымға шығарсақ та, бірнеше ай бойы өтпей тұрды. Бес миллион теңгеге бағаладық. Кейін бізге қайырымдылық жасаушылар хабарласып, осы үйді төрт балалы жалғызбасты анаға сатып алатындарын айтты. Қатты қуандық. Үйді сатып алуға "Дәулеттен" қайырымдылық қоры екі миллион теңге бөліпті, ал қалған 3 миллионды блогер Ұлдана Ерқасымқызы төлейтін болды. "Дәулеттен" қоры өздері мойнына алған соманы бірден аударды", - деп есіне алды ол.

Жеті баланың анасы содан кейін үйдің қалған сомасы бірден төлене қоймағанын айтуда.

"Ал Ұлдана үйді сатып алуға қаражатсыз келіпті. Ұлдана ақша бермесе де, менен үйді сатып алушының атына рәсімдеуді сұрады. Мен алғашында қарсы болдым. Бірақ ол ақшаны 4 қарашада қайтаратынын, дәл сол күні ақшасыз келгені үшін тағы 1 миллион қосып беретінін айтып, нотариуспен куәландырылған қарыз шартын жасастық. Оның үстіне, үйдегі жиһаздарды толығымен тастап кетуімді өтінді. Демек, қосымша бір миллионның ішіне жиһаздың да құны кіреді. Яғни, ол 4 миллион теңге қарыз болды маған", - деп мән-жайды түсіндірді Нүсіпбаева.

Көпбалалы ананың сөзінше, блогер ару қарыз шартындағы келісім бойынша 5 қараша күні қалған 4 миллионды толық өтеуі тиіс болған.

"3 қарашада мен Ұлданаға телефон шалып, ертең ақша аударуы керектігін тағы бір ескерттім. Осы кезде мен оны мүлде танымай қалдым. "Сіз келісімшартты бұздыңыз" деп маған дөрекі сөйлеп, 3 миллион теңгені 11 қарашаға дейін бөліп-бөліп берді. Мен өзінің айтуы бойынша ақша картаға түскен сайын сол соманы алғанымды растап, келісімшарттың шетіне жазып, видеоға түсіріп отырдым", - дейді ол.

Шынар Нүсіпбаева көпбалалы ана ретінде сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтерге қол жеткізгенін де сөз етті. Бүгінде ол ай сайын 8 мың теңге төлеп, бала-шағасымен бірге сол пәтерде тұрып жатыр. Аталған пәтерге қол жеткізу үшін ол 2017 жылдан бастап кезекке тұрған. "Батыр ана" атағын алған Шынар танымал "Қалаулым" жұлдызынан қалған ақшасын қалай қайтарарын білмей жүргенін айтуда. Бүгінде ол барлық жиһазын бұрынғы үйге тастап кеткен соң, балаларымен бірге еденде жатып жүргенін айтып, мұңын шақты.

"Ұлданадан басы артық ештеңе сұрап отырғаным жоқ. Маған дөрекі сөйлеп, келісімді бұздыңыз дей береді. Келісімді бұзды деп менің бір күн бұрын телефон шалғанымды айтып отыр. Тіпті, қазіргі тұрып жатқан, кейін қайтадан мемлекетке өтетін пәтерімді заңсыз алдың деп маған жұлқына бастады. Бұл менің жеті баламды тоғыз ай көтеріп, бағып-қағып, әрең деп алған үйім", - деп ренішін білдірді ол.

Батыр ана
Фото: Шынар Нүсіпбаеваның жеке мұрағатынан

"Ұлдана Ерқасымқызы 4 миллион теңге беремін деп қарыз шартын қалдырып, нотариуспен куәландырып, жиһаздарымды алып қалғанына қарамай, маған үйдің бастапқы бағасы 5 миллион деп, бой бермей отыр. Иә, хабарландыруға 5 миллион деп бердік. Бірақ сол бойда ақшасын төлемей, жиһаздарымды түгел алып қалғаны үшін 1 миллионды қосып беремін деген өзі. Тіпті, нотариуспен барлығын заңдастырдық. Елге "Қалаулым" арқылы танылып, әлеуметтік желіде мыңдаған оқырманды аузына қаратқан қыздан мұндайды күтпедім", - дейді Шынар Нүсіпбаева.

Ал блогер Ұлдана Ерқасымқызы болса, қарызынан толық құтылғанын, үйдің 5 миллионға бағаланғанын айтып отыр.

"5 млн теңгеге үй табылғанының скриншоттары бізде бар. 5 млн теңгенің үйіне не үшін біз 6 млн теңге төлеу керекпіз? Ол кісінің сөзі өтірік. Нотариус арқылы 6 млн теңге деп жаздырып алғаны - алаяқтық. Біз болған кезде цифр болған жоқ, тіпті камерамен қарасақ болады. Арадағы келісімшартты алдымен бұзған сол кісі. Бізде скриншот, барлығы бар", - дейді ол.

Ұлдана Ерқасымқызы үйде айтарлықтай жиһаз болмағанын алға тартуда.

"Мен ол кісіге айтқанмын, "сіз барға қанағат етіп, өзіңіз 5 млн теңгеге сатуға қойдыңыз ғой, сізге 5 млн теңге толықтай төленді, чектердің барлығы бар, ол үйіңіз негізінде 4,5 млн теңгенің үйі" дедім. Тіпті көршілеріне 3,5 млн теңгеге қолма-қол ақшаға сатуға дайын болған екен. Ол болса 5 млн-ды аз көріп, қайырымдылық жасап жатқан үйге тағы 1 млн теңге қосып отыр. Ана жерде жиһаз дейтіндей жиһаз да жоқ. Арада келісімшарт болды. Келісімшарт бұзылды", - дейді блогер.

Құжат
Фото: Шынар Нүсіпбаеваның жеке мұрағатынан

Осы орайда, KAZ.NUR.KZ тілшісі Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Тлеужан Кішкенебаевқа тараптар жасасқан келісімшартты жолдап, бұл мәселеге қатысты пікірін сұрады.

"Сату және сатып алу туралы келісімшартта үй расында 6 миллионға бағаланған. Бірақ үйді сатқан иесі сол ақшаны түгел алған адам ретінде қол қойған. Ал оқиға бойынша, ол 2 миллионды ғана алып, қалған 4 миллионды қолына бірден алмаған. Сөйте тұра, ақшаны толық алдым деп, келісімшартқа қол қойған. Үйді сатқан адамдардың басты қателігі осы.

Құжат
Фото: Шынар Нүсіпбаеваның жеке мұрағатынан

Алайда, 4 миллион теңгені қайтаратыны туралы Ұлдана Ерқасымқызынан алынған қарыз шарты бар екен. Заңды түрде нотариуспен куәландырылған. Демек, Шынар Нүсіпбаева мен оның қызы, үй иесі ретінде көрсетілген Әсел Нүсіпбаева бұл істі соңына дейін жеткізіп, шағымданса, 1 миллионды блогерден өндіріп алуға құқылы. Блогердің 4 миллион теңгені қайтарамын деп заңды түрде берген қарыз шартын көрген соң, осылай айтып отырмын", - дейді адвокат Тлеужан Кішкенебаев.

Еске салсақ, бұған дейін біз Алматы облысында әкім жемқорлыққа қатысты даудан кейін қызметінен кеткенін жазған едік.

Одан бөлек, медицина мекемесінің қызметкерлері Кербұлақ аудандық ауруханасында су жоқ екенін айтып, шағымданған болатын. Шағымға қатысты Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1888678-million-tegemdi-bermej-kojdy-tanymal-blogerge-kpeli-zrgen-7-balany-anasy-myn-sakty-foto/

pixel