Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

2021 жылы Қазақстанда ҰБТ қалай өзгереді

Опубликовано:

Ұлттық тестілеу орталығы
Фото: Ұлттық тестілеу орталығы

2021 жылы ҰБТ қандай форматта болады? Дәл осы сұрақ талай мектеп түлектерін толғандырып жүрген болар. Алып-қашпа сөздерді сейілту мақсатында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смагуловтың өзіне барып, жоғары сынып оқушыларын мазалап жүрген барлық сұрақтарға жауап алып қайттық.

- Сәлеметсіз бе, Дидар мырза! Ең басты сұрақтан бастайық. 2021 жылы ҰБТ қандай форматта болады: қағаз түрінде немесе компьютерлік форматта?

- Қайырлы күн! Иә, шынымен де, оқу жылы басталғалы бері менің Whats App нөміріме балалардан келіп түскен ең көп сұрақтардың бірі – ол келесі жылы ҰБТ қандай түрде болады?

Әрине, түсінемін, балаларға психологиялық тұрғыдан 11 жыл бойы алған білімдерін сынайтын емтиханның қалай өтетінін біліп, оған моральды түрді дайын болу керектігі. Сондықтан, бұл сұрақтың нақты шешімі 2020 жылғы желтоқсан айында болады. Ал қазір біз жоспарлап отырған компьютерлік форматтың артықшылықтары мен қауіпті болатын тұстарын қоғаммен талқылаудамыз. Ол талқылауға ата-аналар, білім беру басқармалары, мектеп директорлары, жеке меншік білім беру орталықтарының жетекшілері, психологтар қатысып, атсалысуда.

Біздің ең басты мақсатымыз жас ұрпақтың білімдеріне жан-жақты объективті баға беріп, оларға емтихан тапсырарда барынша ыңғайлы болатындай жағдай жасау.

ҰБТ1
Фото: Ұлттық тестілеу орталығы

- Сонда, түсінуімізше, 2021 жылы ҰБТ-ны компьютерлік форматта өткізуге дайындалып жатырсыздар. Солай ма?

- Иә, дәл солай. Бірақ біз оны барынша жан-жақты зерттеп, талқылап, балаларға ыңғайлы болатындай етіп ұйымдастырғымыз келіп отыр.

- Жақсы. Енді компьютерлік формат деп айтып отырсыз. Сонда нақты не өзгереді? Жай ғана бұрын қағазда болған нәрсе монитор бетіне ауысады ма? Әлде бір артықшылықтары бар ма? Мүмкін бұл балаларға мүлдем ыңғайсыз шығар?

- Өте жақсы сұрақ. Міне, осыған толығырақ тоқталып өтсем. Бұл қадамға бармас бұрын барлығын жан-жақты зерттеп, отандық және халықаралық тәжірибені де назардан тыс қалдырмадық. Жалпы компьютерлік форматтың келесідей артықшылықтары болады деп жоспарлап отырмыз, қағаз форматына қарағанда:

  • Тестілеу күнін түлектердің өздері таңдай алады;
  • Тестілеу уақыты үнемделеді: жауап парағының шеңберлерін бояудың орнына тестіленуші компьютердің пернелерін ғана басады;
  • Тестілеу нәтижелерін өңдеу кезінде кездесетін қателерді болдырмау, яғни жауап парағында боялған немесе жартылай боялған жауаптарды сканердің дұрыс оқымауы, жауап парағын толтыру барысында басқа секторлардың боялып кетуі және т.б қауіптер болмайды;
  • Тестіленуші бойынша қате толтырылған деректерді түзету, тестілеу тапсыру тілін, пәнін ауыстыру мүмкіндігінің болуы;
  • Алдыңғы тест тапсырмаларына таңдалған жауаптарды қайта өзгерте алады;
  • Тестілеу аяқталғаннан кейін тестіленушінің нәтижесі бірден экранға шығады, яғни оны уайымдап, кешкі сағат 8-9 дейін күтудің қажеттілігі болмайды;
  • Тестілеу аяқталған соң 30 минуттың ішінде апелляцияға өтініш беруге болады. Ал қазіргі уақытта апелляцияға тек келесі күні ғана бере алады. Ертеңгі күнге дейін тестіленуші тіпті қандай сұрақтардың болғанында ұмытып қалуы мүмкін.
  • Міне осындай ыңғайлы тұстарын ұйымдастырмақпыз.
ҰБТТ
Фото: Ұлттық тестілеу орталығы

- Шынымен де, әлдеқайда ыңғайлы болайын деп тұр. Біздің уақытымызда ондай болмаған...

- Енді бұл жерде заман талабына сай болуымыз керек. Адамның ойлау қабілеті де әлдеқайда өзгеріп, біраз шапшаң дами бастағандай. Сын тұрғысынан ойлау дегенге баса назар аударыла бастады. Мысалы ҰБТ-да тест тапсырмаларын функционалдық сауаттылықты анықтауға бағыттайтын боламыз.

- Ал тест тапсырмаларының санын өзгерту жоспарда бар ма?

- Иә, бұл ретте де айтарлықтай өзгерістер енгізбекшіміз. Басымдықты бейіндік пәндерге бермекпіз. Кез келген оқушы барлық пәннен мықты бола бермейді. Өмірде кездесетін жағдайға тоқталатын болсақ... Мысалы бізде ҰБТ кезінде негізгі пәннен шекті балл ала алмай, құлап қалған түлек бар, ал ол болса физика пәні бойынша республикалық, халықаралық олимпиадалардың жүлдегері болған көрінеді.

Міне, осылайша баланың оқуға түсу арманына балта шапқандай болдық. Бұл да балаға жасалған қиянат деп түсінемін. Сондықтан осы мәселені қайта қарастыруды жөн көрдік.

Бір жақты пікірді ғана тыңдап қоймай, білім саласы мен сапасын талай сынға алған, ҰБТ-ны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстарын айтып жүрген, «Qazbilim» республикалық білім беру орталығының негізін қалаған, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы №51 мектеп-гимназиясының директоры қызметін атқарып жүрген Аятжан Ахметжанұлынан аталмыш емтиханға қатысты пікірін біліп қайттық.

- Аятжан Ахметжанұлы, ҰБТ-ға қатысты бірталай сыни пікірлеріңіз болған еді. Жалпы қазіргі болып жатқан және жоспарланып отырған өзгерістерге қаншалықты көңіліңіз толады?

- Біріншіден, Ұлттық тестілеу орталығының заман талабына сай болғысы келгені мен көпшіліктің пікіріне құлақ аса бастағаны қуантып отыр.

Осы үстіміздегі 2020 жылдың басында Тестілеу орталығы еліміз бойынша ірі жеке меншік білім беру орталықтарымен жиналыс өткізіп, ҰБТ жөнінде бірқатар ұсыныстарды қабылдап, сын ретінде айтылған кемшіліктерін түзетуге тырысты. Сол кезде өз басым бірнеше ұсыныс білдірген едім.

- Сол жөнінде біраз тарқатып айтып берсеңіз...

- Біріншіден, ҰБТ өткізу пункттерін барынша азайту. Мысалы қазіргі 150-ден пункттен 35-ке қысқартылса. Бұл тәртіпті нығайтуға, қадағалауға мүмкіндікті жоғарылатып, тазалығын арттырады.

Екіншіден, ҰБТ тапсырмаларының сыртқа шығып кетуін болдырмау мақсатында тестілеуді 2 күн ішінде өткізіп тастау. Яғни, бірінші күні мектеп түлектері негізгі пәндерден тапсыратын болса, екінші күні бейіндік пәндерден тест тапсырылса жақсы болар еді.

Үшіншіден, осының барлығы компьютерлік форматқа ауыстырылса әлдеқайда жақсы болар еді.

поллрь
Фото: Ұлттық тестілеу орталығы

- Бұл айтқандарыңызға Ұлттық тестілеу орталығы құлақ асып жатыр ма?

- Осы екі ай бойы (қараша-желтоқсан) 2021 жылы енгізілетін ҰБТ-ны қызу талқылау болып жатқан көрінеді. Алдын ала көрсетілген нұсқасына қарағанда бірқатар нәрселерге назар аударған көрінеді. Соның ішінде ең бастысы – компьютерлік форматқа тестілеуді ауыстыру. Соны зерттей келе, балаларға көптеген жағдайлар жасалып жатқанын көруге болады.

Тағы бір қосатыным: Біз ойбай, анау-мынау болады дей бермеуіміз керек. Баланың психологиясы тәртіпті сақтағаннан бұзылмайды. Әділетсіздіктен бұзылады, әділетсіздік орнағанда күйінеді.

Міне, келесі жылдың түлектерін осындай жаңалықтар күтуде. Өз тарапымыздан азаматтық белсенділіктеріңізді көрсетіп, ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңіз болса Ұлттық тестілеу орталығының info@testcenter.kz ресми электрондық поштасына жіберуіңізге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889627-2021-zyly-kazakstanda-bt-kalaj-zgeredi/

pixel