RU

ШҚО мейрамханаларына Жаңа жыл түні жұмыс істеуге рұқсат берілді

Мейрамхана
Көрнекі фото: piqsels.com

Шығыс Қазақстан облысының бас санитар дәрігері жаңа қаулы жариялады, оған сәйкес облыста карантиндік шаралар 4 қаңтарға дейін ұзартылды. Сонымен бірге мейрамханаларға Жаңа жыл қарсаңында жұмыс істеуге рұқсат етілді.

Құжат Шығыс Қазақстан облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми сайтында жарияланды.

Бас санитар Шығыс Қазақстан облысының аумағында 2020 жылғы 21 желтоқсандағы сағат 00.00-ден бастап 2021 жылғы 04 қаңтардағы сағат 00:00-ге дейін шаруашылық және (немесе) өзге де қызметпен және халықтың тыныс-тіршілігінің ерекше жағдайларымен шектеу шараларын ұзартуға шешім қабылдады.

Құжатқа сәйкес, облыста кез келген бұқаралық іс-шараларға, оның ішінде отбасылық мерекелер мен Жаңа жылдық қойылымдарға тыйым салынады. Әкімдікке 65 жастан асқан тұрғындардың үйлеріне азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да қажет тауарларды жеткізіп беретін еріктілерді табу тапсырылды.

Сонымен қатар, қаулыда жедел шешімін табуды талап ететін жағдайларды қоспағанда, азаматтардың жеке қабылдауларын, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда қызметкерлердің жеке қатысуымен өтетін жиналыстар, семинарлар өткізуді азайту қажеттілігі айтылған. Облыста 17 санитарлық бекет жұмысын жалғастырады.

"Көпшілік, жаңа жылдық, ұжымдық (корпоративтік) іс-шаралар, конкурстар (интерактивті іс-шаралардан басқа), билерді өткізбей (өз үстелінен шықпай) бір үстелге 4-6 адамнан аспайтын мөлшерде отырғызып, көршілес үстелдердің шеткі орындары арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып және толтырылуын отыратын орындар санының 50%-нан асырмаған жағдайда 2020 жылғы 31 желтоқсаннан 2021 жылғы 01 қаңтарға қараған түні қоғамдық тамақтандыру объектілеріне сағат 07.00-ден 04.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілсін.
2021 жылғы 02 қаңтарда қоғамдық тамақтандыру объектілері үшін бұрын белгіленген жұмыс режимі сағат 07.00-ден 24.00-ге дейін сақталады, 2021 жылғы 03 қаңтарда көрсетілген объектілердің жұмысы тоқтатылады", – делінген қаулыда.

Сонымен бірге, жексенбіні қоспағанда, басқа күндері қоғамдық тамақтандыру мекемелеріне сағат 07.00-ден 24.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

Еске салсақ, Қазақстанда өткен тәулікте 719 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып ауырғаны белгілі болды.

Оған қоса, бұған дейін Павлодар облысында блок-бекеттер алынғаны туралы жазған едік. Бұл шешім өңір коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша "қызыл аймақтан" шыққан соң қабылданған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889837-sko-mejramhanalaryna-zaa-zyl-tni-zmys-isteuge-rksat-berildi/