Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Іс әділ өтсе екен": Марқұм Сымбат Құлжағарованың жақындары көмек сұрайды

Опубликовано:

Сымбат Кулжагарова
Фото: Facebook/Немолчиkz

Көпқабатты пәтерлердің бірінен секіріп кеткен астаналық Сымбат Құлжағарованың жақындары жоғары органдардан көмек сұрайды деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, марқұмның әкесі бір күн бұрын видеохабарлама жолдап, қызының ақыл-есі сау болғанын айтып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаған болатын.

"Папам видео жазып, жанұямыздағы жағдайды көпшілікке шығаруды артық іс деп санады. Алайда, соттың әділ болғанын қалап, жоғары органдардан көмек сұрауды жөн деп шешті... Сымбат әкеміздің қызы еді. Олар бір-біріне ұқсайтын. Папама басында қиын болды, сол себепті де ешкімге тіс жармадық. Қазір кішкене басылды. Туыстарымыз отырып, бәріміз ақылдаса келе, бұлай отыра беруге болмайды деп шештік. Іс тұр… тергеушілер, ешкім хабарласып жатқан жоқ. Ағайынмен ақылдасып, өз позициямызды айтуды жөн деп шештік", - дейді Сымбаттың туған сіңлісі Гүлбану Құлжағарова.

Марқұмның жақындары Сымбаттың жерлеу рәсіміне Абай мен оның ата-анасы келгенін айтты. Алайда, қара жамылған ағайын бірауыздан Сымбатты келін емес, келсап еткен оларды қуып шыққан.

"Мен, шынымды айтсам, қазір өз мамамды танымай жүрмін. Басқа бір адамды әкеліп қойған сияқты. Сымбат ажырасамын деп наурызда бірінші рет айтты. Сол кезден бастап, анам өзгеріп кетті. Ол кісіге бәрімен дұрыс қарым-қатынаста болу маңыздырақ па, мамамның әрекетін мен түсіндіре алмаймын. Ешнәрсе қабылдағысы келіп тұрған жоқ. Сөйлессең, ұрысуға дайын тұрады", - дейді Гүлбану. 

Сымбаттың жақындарының сөзінше, аналары Базаргүл Құлжағарова Ақтаудан кетіп, Нұр-Сұлтандағы күйеубаласының үйінде екі ай тұрған. Не себепті күйеубаласы мен құда-құдағиының үйіне көшкені белгісіз.

"Мен мамам туралы жаман ешнәрсе айтқым келмейді. Сымбаттың жағынан ғана айта аламын. Сымбатқа әйтеуір, сенген жоқ. Абай адамға жағуды білетін адам, ол туралы ешнәрсе де айтқым келмейді. Мамам ешқашан ешкімнің үйіне қонбайтын адам еді. Тіпті, қонаққа барса да, қонбайтын. Өз үйім, өз шаңырағым бар дейтін. Құдалардың үйінде жатқанын ешкім түсінбеді… Оның себебін түсіндіре алмаймын", - дейді Гүлбану.

"Алғашында сотта күйеубалам Сымбатты өзін-өзі ұрған деді. Одан кейін, қызым дүниеден өткен соң, денесінің көгеруі массаждан деді. Енді келіп иглотерапиядан деп шықты. Нақты сөз жоқ. Неге ол жақ Сымбаттың тірі кезінде үнсіз жатты? Қызым қанша пост жазды. «Оның сөзінің бәрі өтірік» деп сол кезде неге айтпады? Сымбат сол кезде инстаграмда тікелей эфирге шығып, дені сау екенін дәлелдеп берер еді», - дейді Сымбаттың әкесі.

Ал Гүлбанудың айтуынша, Абайдың тарапынан қорқытулар күнде болған.

"Қорғау ұйғарымы деген құжатқа қарамай, әпкемді күнде мазалады. Қорқытты. Ол жазбалары менде бар. Күйеуінің қорқытқанры туралы Сымбаттың өзі де бірнеше мәрте әлеуметтік желіде жазды. Әпкем қорыққанынан дүкенге де бара алмайтын. Материалдық жағдайына сенген Абай "барлық мәселені шештім, қолыңнан түк келмейді" деп айтқан",-дейді Гүлбану.

"Сот әділ шешім шығарса екен. Ешкімді айыптағым келмейді. Бірақ соттың әділ шешімі болса екен. Төмендегі ғана емес, жоғары органдардың бақылауында болса екен деймін. Сымбатымның қалағаны да сол еді - әділ шешім", - деді қара жамылған әке.

Айта кетейік, Сымбаттың балалары қазір Ақтауда тұратын әпкесінің (аналарының сіңлісі) қолында. Нұр-Сұлтанға келер алдында Сымбат балаларын осы кісіге өзі табыстап кеткен. Наурыз айында балалары 4 және 2 жасқа толады.

Еске сала кетсек, 29 жастағы Сымбат Құлжағарова 10 желтоқсан күні елордадағы көпқабатты үйлердің бірінен секіріп қайтыс болған еді.

Оның күйеуінен ажырасқысы келсе де, күйеуі некесін бұзудан бас тартып, оны ұрып-соғып, жындыханаға жатқызып, балаларын көрсетпеймін деп қорқытқаны айтылды.

Алайда марқұмның күйеуі Абай Әбдіғаниев жұбайына қол көтермегін айтып, мұны жала деп атады. Ер адам мен анасының айтуынша, Сымбаттың психикалық ауытқуы болған.

Олардың сөзінше, Сымбат осыған дейін де үш рет суицид жасамақ болыпты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890652-is-dil-tse-eken-markm-symbat-klzagarovany-zakyndary-kmek-srajdy/

pixel