RU

Қызын далаға іш киіммен қуған астаналық не үшін ондай әрекетке барғанын түсіндірді

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Қақаған аязда қаршадай қызын далаға іш киммен қуған астаналық әйел қатты кеткенін мойындап бармағын шайнап отыр. Айжамал өз әрекетін түсіндіруге тырысты. Оның сөзінше, көршілері бала-шағасын түртпектеп күн көрсетпеген. "Осыдан кейін ашуға ерік бердім" деген келіншек енді ата-ана құқынан айырмауды сұрайды деп жазады КТК телеарнасы.

"Сенің балаларың ұры, сенің балаларың түрмеде жатады, түрмеде өседі" деген ол кісінің сөздері сүйегімнен өтті. Сосын мен: "Менің балаларым алған болса, мойындатқызам", - дедім. Анамын ғой енді. Қатты өкінемін. Ашумен істедім. Қатты ашумен істедім. Қалай істегенімді өзім де білмеймін. Бірақ ол тірлігіме өкінемін. Былай жария болып кетеді деп ойламаппын", - деді Айжамал.

Телеарна ұсынған ақпаратқа сәйкес, дәрігерлер төрт баласын бастан-аяқ тексеріп шығып, ұрып-соғу нышандарының жоғына көз жеткізген.

Ал Айжамалдың өзін психиатрға шақыртыпты. Тұрмыс тауқыметін тартқан көпбалалы отбасы пәтер жалдап тұратындарын жеткізген.

Қамқорлық органдары Айжамалға қатысты жақын арада бір шешім қабылдайды. Ашуын қаршадай қызынан алған келіншек ата-ана құқынан айырылуы да әбден мүмкін, дейді телеарна тілшісі. 

"Қазір отбасы ювеналды полиция бөліміне тіркеуге алынды. Материал Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға ұсынуға дайындалып жатыр. Сонымен қатар заңды өкілдерін заңмен белгіленген жауапқа тарту мәселесі қарастырылды. Анасы, әрине, өкініп отыр. "Ата-ана құқынан айырмаңыздар"деп сұрап отыр", - деді Қорғаншы және қамқоршылық бөлімінің басшысы Гүлім Жүсіпова.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Еске сала кетсек, бұған дейін Нұр-Сұлтанда келіншек өз туған қызын аязды күні іш киіммен ғана далаға қуып жібергенін хабарлаған едік. Желіде жылап отырған бүлдіршіннің фотосы тарап кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891095-kyzyn-dalaga-is-kiimmen-kugan-astanalyk-ne-sin-ondaj-reketke-barganyn-tsindirdi/