Бердібек Сапарбаев коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны салдырды
Жарияланған күні:
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев коронавирусқа қарсы қазақстандық QazCovid-in вакцинасын қабылады. Вакцина клиникалық зерттеулерден тыс ерікті түрде егілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы вакцина тиімді тестілеумен және қолданыстағы алдын алу шараларымен бірге пандемияны бақылауға алуға көмектесетін маңызды құралға айналатынын атап өтті.
"Әлемдік сарапшылар қауіпсіз және тиімді вакцинаны жасау мен өндіруді жеделдету үшін көп жұмыс істеуде. Қордай ауданында орналасқан биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ-ы өзіміздің қазақстандық вакцинамызды да әзірледі. Еріктілерге арналған клиникалық зерттеулердің алғашқы екі кезеңі сәтті өтті, оларда жақсы нәтиже көрсетті және жанама әсерлер болған жоқ. Қазіргі таңда Таразда клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңі жүруде. Қазақстандық вакцина оң нәтиже көрсетіп, жаппай қолдануға ұсынылады деп үміттенемін", - дейді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ Жамбыл облысының әкімімен бірге С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожин де отандық вакцинаны салдырды.
Еске сала кетейік, 19 желтоқсаннан бастап Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірлеген отандық QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынақтан өткізудің соңғы ІІІ сатысы басталды.
Оның шеңберінде 3 мың ерікті азаматқа екпе егілуде.
Үкімет басшысы Асқар Маминнің сөзінше, отандық вакцинаны жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында басталады.
Бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын топтағы адамдарға екпе жасалады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891350-berdibek-saparbaev-koronaviruska-karsy-kazakstandyk-vakcinany-saldyrdy/