RU

Атырау облысында жүк тиегіш көлік мұз астына түсіп кетті (фото)

Жүк тиегіш мұзға түсіп кетті
Фото: Ақ Жайық басылымы

Атырау облысы Еркінқала ауылы маңындағы "Рыбоходный" каналында жүк тиегіш көлік жарылған мұздың астына түсіп кеткен деп хабарлайды "Ақ Жайық" басылымы.

Басылымның жазуынша, 49 жастағы жүргізуші жол қысқартпақ болып мұз қатқан каналдың үстімен жүрген.

Мұз көліктің ауырлығына шыдамай жарылып, техника су астына кеткен. Абырой болғанда жүргізуші кабинадан шығып үлгеріпті.

Оқиға орнына жедел-құтқару тобы барған. Олар каналдың тереңдігі 2 метр, мұздың қалыңдығы 30 см екенін, жартылай батқан жүк тиегіш көлік жағалаудан 45 метр әрі тұрғанын анықтапты.

"26 желтоқсанда құтқарушылар сүйменмен мұзды ойды. Содан кейін сүңгуір жұмыстарын жүргізіп, арқандарды жүк тиегіштің батып кеткен бөлігіне бекітті. Сағат 16-да ДТ-75 тракторының көмегімен жүк тиегіш жағаға сүйреп шығарылып, иесіне тапсырылды", - дейді өңірлік төтенше жағдайлар департаменті.

Техника иесі құтқарушыларға алғысын айтқан.

ТЖД қауіпсіздік ережелерін сақтап, мұз үстінде көлікпен немесе арнайы техникамен мүлдем жүруге болмайтынын ескертеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қызылорда облысы Қамбаш көлінде жеті адам отырған "УАЗ" маркалы автокөлігі мұз жарылып, батып кеткенін жазған едік.

Салдарынан төрт адам қайтыс болып, үш адам аман қалған болатын.

Сонымен қатар Кіші Алматы өзенінде ойнап жүрген төрт және алты жасар екі баланың мұз астына түсіп кетіп, көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.

Алматы облыстық ТЖД ақпарынша оқиға Іле ауданындағы Түймебаев ауылында тіркелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891454-atyrau-oblysynda-zk-tiegis-klik-mz-astyna-tsip-ketti-foto/