RU

"Ресейге тиесілі емес": Еліміздегі орыстар ресейлік депутаттың шулы мәлімдемесіне пікір білдірді

Орыс азаматы
Скриншот: YouTube

Қазақстандағы орыстар ресейлік депутат Вячеслав Никоновтың "Қазақстан территориясы Ресейдің сыйлығы" деген даулы мәлімдемесіне қатысты өз пікірін ортаға салған видео әлеуметтік желіде тарады.

Елімізде тұрып жатқан орыстардың ресейлік депутаттың сөзіне қатысты пікір білдірген видеосы YouTube желісінің Kazlivevideos парақшасында жария болды.

Видеода пікір білдірушілердің дені депутаттың сөздеріне қарсы екенін байқауға болады.

"Қазір бұл территория, сөзсіз, біздікі. Оны ешкімге беруге болмайды. Себебі, бұл территория тарихи тұрғыдан бізге бұйырды. Онда қанша қаражат құйылып, қанша адам тұрып жатыр. Олар өздерін қазақстандық ретінде сезінеді. Мен Солтүстік Қазақстаннан көптеген орыстарды, қазақтарды, ұйғырларды білемін. Олардың бәрі өзлерін қазақстандық санайды. Егер олар қаласа ресейлік паспорт алып, баяғыда көшіп кете алар еді. Бұл бүгінде айтарлықтай қиын дүние емес. Есімде болса, Кореяға да кетіп қалуға болады. Бұл Қазақстандық территория. Ол Ресейге мүлде тиесілі емес", - дейді пікір білдірушілердің бірі.

Еліміздегі орыс ұлты өкілдерінің тағы бірі Қазақстанды өз отаны санайытын алға тартқан.

"Оның пікірімен келіспеймін. Мен - бұл жерде тұрып жатқан үшінші ұрпақпын. Сол себепті, Қазақстанды өз Отаным санаймын. Мен Қазақстанда тұрамын, бұл менің туған жерім", - дейді орыс азаматы.

Пікір білдірушілер қатарында депутаттың сөздерін жүрекке жақын қабылдамау керек деп санайтындар да бар болып шықты.

"Меніңше, бұл сөзге айтарлықтай мән бермей-ақ қою қажет. Бәлкім олар ойланбастан айтып қалған болар? Қанша дегенмен, Ресей - біздің басты серіктес. Екінші жағынан ұлт тұрғысынан мұндай сөздер айту да дұрыс емес. Оның үстіне саяси адам олай айтпау керек еді", - дейді ойын ортаға салушылардың бірі.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар еліміз жайлы даулы мәлімдеме жасаған ресейлік депутат Вячеслав Никоновқа тарихты оқуға кеңес берген еді. Олар депутаттың "Қазақстан территориясы Ресейдің сыйлығы" деген даулы мәлімдемесіне ашуланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891527-resejge-tiesili-emes-elimizdegi-orystar-resejlik-deputatty-suly-mlimdemesine-pikir-bildirdi/