"Адал еңбек": Ақтөбеде көше сыпырып жүрген жалғызбасты ана "Жыл адамы" атанды (фото)
Жарияланған күні:
53 жастағы Надежда Аверина Ақтөбе облысының Темір ауданы бойынша "Жыл адамы" атанды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жалғызбасты ана 20 жылдан бері қоғамдық орындарды тазалау жұмыстарын істейді. Ұлы мен қызын көше сыпырып жүріп, ер жеткізген. Құрметке бөленген ананың қуанышында шек жоқ.
"Мен мұндай марапатты бұрын соңды алып көрген жоқпын. Бірінші рет болып тұр. Оның үстіне барлық адамдар мен үшін қуанып жатыр. Не айтарымды білмей тұрмын... Көшеде жүрген біздің еңбекті елеп, көрсетіп жатқан әкімге алғысым шексіз. Мен қатты қуанып тұрмын", - дейді Надежда Аверина.
Жалғызбасты ана қоғамдық орындарда тазалық жұмыстарын жүргізгені үшін айына 47 мың теңге көлемінде жалақы алады. Ол 28 жастағы ұлы мен 20 жастағы қызының тұрақты жұмысы болмаса да, қалаға барып, өз күндерін өздері көріп жүргенін айтады.
Сөз соңында Надежда Константиновна биыл елді дүрліктірген індет осы жылмен кетіп, келер жылы тек жақсы жаңалықтар болсын тілегін де жеткізді.
Ал Темір ауданының әкімі Жолдас Батырханұлы көше сыпырушыны не себепті "Жыл адамы" құрметіне лайық деп танығанын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
"Ертемен жұмысқа шыққан сәтімде осы апайдың көше тазартып жүргенін үнемі көремін. Белі бүгіліп түнімен кей жерлестің жол бойына тастаған бөтелкесін немесе басқа да тұрмыстық қалдықтарды жинап жүреді. Шілденің ыстығы, қаңтардың шыңылтыр аязы болсын жұмысқа шықпай қалу әдетінде жоқ.
Бірде әдейі тоқтап амандық-саулық сұрастым. Өзін Аверина Надежда Константиновна деп таныстырды, екі бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана екен. Сөзінен байқағаным шүкіршілігі мол, өмірге өкпе артпайтын ақкөңіл жан. Жиырма жылдан астам уақыт ақылы қоғамдық жұмыс атқарып аудан орталығының тазалығын қадағалайды.
Бүгін әріптестерімізбен ақылдаса келе осынау қарапайым еңбек адамын ауданның "Жыл адамы" деп таныдық, марапаттап, ризашылығымызды білдірдік. Жарықтың үнемі жанып, жылудың үзілмей беріліп, көшенің айнадай таза боп тұруы жұртшылыққа заңдылық боп қабылданғанымен оның артында Надежда Константинқызы секілді жандардың ерен еңбегі тұрғандығын әрдайым есте ұстайық. Есіктен аттағалы тұрған жаңа жылымыз баршамызға құтты болғай!", - дейді Жолдас Батырхан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891789-adal-ebek-aktbede-kse-sypyryp-zrgen-zalgyzbasty-ana-zyl-adamy-atandy-foto/