RU

Жаркентте ер адамды атып кетті: Полиция оқиғаның мән-жайын айтты

Қару
Көрнекі фото: pixabay.com

Жаркент қаласында 39 жастағы ер адамды өлтірді деген күдікпен екі адам ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Алматы облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, 3 қаңтарда Панфилов аудандық полиция бөлімшесіне Жаркент қаласында оқ жарақатымен ер адамның денесі табылғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына шұғыл тергеу тобы барды. Мамандар ер адамның кім екенін анықтады.

"Ол Жаркент қаласының 39 жастағы тұрғыны болып шықты. Қылмыс ашылды. Оған қатысы бар деген күдікпен қаланың екі тұрғыны ұсталды", - дейді құқық қорғаушылар.

Басылымның жазуынша, күдіктілер ер адамды жақтырмаған, сондықтан осы қылмысқа барған. Дегенмен, олардың дәйектері жан-жақты тексеріледі.

Қазіргі кезде екеуі де қамауға алынған. Аталмыш факті бойынша қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігінің 7-тармағы бойынша ("алдын ала сөз байласып, адамдар тобының кісі өлтіруі") іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалған.

Айта кетейік, осы бап бойынша он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру не өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар кінәлі деп танылған адамның мүлкi тәркiленуі мүмкін.

Еске сала кетсек, бұған дейін елордада бірнеше адам төбелесіп, салдарынан екі ер адам қайтыс болып, тағы біреуі оқ жарақатын алғанын хабарлаған едік.

Полицияның анықтауынша, төбелеске қарыз міндеттемелері бойынша туындаған жанжал себеп болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892180-zarkentte-er-adamdy-atyp-ketti-policia-okigany-mn-zajyn-ajtty/