Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ұлымды ата-енем қуып шықты": Екінші некеде қорлық көрген әйел мұңын шақты

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыдағы "Жан-Сая" дағдарыс орталығын паналаған келіншектердің көпшілігі екінші некесінің сәтсіз болғанын айтуда. Мұндағы әйелдердің басым бөлігі бірінші баласын екінші отбасында қабылдамағандықтан қорлық көргендер. Сондай жандардың бірі – Кәмшат. Ол екінші күйеуінің тоқпағынан шаршаған соң дағдарыс орталығына қашып келген. Бүгінде екінші баланың анасы атанған әйел KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

"2018 жылы екінші рет тұрмыс құрдым. Алғашқы некеден бір ұлым бар. Екінші күйеуіммен танысқан кезде ол ұлыма ерекше мейіріммен қарап, екеуі тез тіл табысып кетті. Сол кезде олардың жарасып кететініне сендім де, тұрмысқа шығуға келісім бердім.

Алайда, сенімім мен қуанышым көпке бармады. Жолдасымның отбасы менің ұлымды өте суық қабылдады. Тіпті, жазықсыз баланы үйге сыйғызған жоқ. Қайын атам баладан тамағын қызғанып, бөлек ішетін.

Мұның соңы жақсы болмады. Ата-енем бізді үйден қуып шықты. Алғашында күйеуім мені жақтап, бірге кеткенімен, бөлек тұрғанда да бақыт күтпеді", - дейді Кәмшат.

Бөлек пәтерге шыққан соң Кәмшаттың күйеуі араққа салынып, құмар ойындарға көңіл бөле бастайды. Мұнымен қоймай, әйеліне қол көтереді.

"Жолдасым бар тапқанын ішімдікке жұмсайтынды шығарды. Ұтыс ойнап, пәтер ақшасын төлей алмай, жанжал көбейді. Мені ішкіш достарының көз алдында да соққыға жығудан тайынбады. Пәтер ақысын төлеу үшін ауқатты адамдардың үйін жинап та, ақша таптым. Бірақ ол ештеңені бағаламады. Үлкен ұлымды бағуға міндетті еместігін айтып, ішімдегі өз баласына жүкті кезімде де таяқ жұмсады. Осы кезде маған жұмыс беруші әйел дағдарыс орталығы жөнінде айтты да, мен баламды алып осында келдім", - дейді ол.

Жақында Кәмшаттың екінші баласы дүниеге келді. Үлкен ұлы інісі мен анасын тағаттана күтіп, арнайы сыйлық жасап перзентханадан қуанышпен күтіп алды.

Ересек адамнан мейірім көрмеген баланың осындай сүйіспеншілікті бойына қайдан сіңіргені таңғалдырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892290-lymdy-ata-enem-kuyp-sykty-ekinsi-nekede-korlyk-krgen-jel-myn-sakty/

pixel