RU

"Қылмыстық іс қозғалды": Атырау облысында 47 адам сушиден уланған дәмхана жұмысын тоқтатты

Суши
Көрнекі фото: pixabay.com

Атырау облысында сушиден уланғандардан сальмонеллез қоздырғышы анықталып, тағамды сатып келген дәмхана жұмысын тоқтатты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 2020 жылдың 28 желтоқсаны мен 2021 жылдың 3 қаңтары аралығында Жылыой аудандық орталық емханасының жұқпалы аурулар бөліміне "Тағамдық токсикоинфекция" диагнозымен 47 адам жеткізілген.

Белгілі болғандай, науқастардың бәрі "Три самурая" дәмханасынан тапсырыспен суши алып жеген екен. Нәтижесінде Жылыой аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары "Три самурая" дәмханасына тексеру жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтап отыр.

Нақытрақ айтсақ, дәмханада балық, балық өнімдерін, кремдер мен соустарды, нан-бөлкелерді қабылдау, сақтау, қадағалау мен қауіпсіздігін куәландыратын ілеспе құжаттама болмаған.

Одан бөлек, бөлшектеу тақтайшалары мен пышақтар өңделетiн өнiмдерге сәйкес таңбаланбаған және тамақ өнімдерін сақтау кезінде температуралық ылғалдылықты қадағалап отыру үшін тоңазытқыш үй-жайлары, тамақ қоймасы арнайы термометр, психрометр құрылғыларымен қамтылмаған болып шықты.

"Тамақ өнімдерін сақтау кезінде мұздатқыштарда шикі балық өнімдері мен қуырылған балық өнімдері, нан-бөлке, фри, икра бірге сақталған. Балық және балық өнімдері, пицца ашытқысы сақталатын тоңазытқыш жабдықтарының температуралары өлшенбеген, температуралық режимге қадағалау жүргізілмеген, тоңазытқыш жабдықтары жеткіліксіз.

Сондай-ақ күнделікті жұмыс ауысымының басталуы алдында жұмыскерлердің денесінде іріңді аурулардың, шағын жарақаттардың болуына тексеру жүргізілмеген. Санитарлық журнал жүргізілмеген. Персоналдарға арналған қол жуғыш орнатылмаған", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Бактериологиялық зерттеу жүргізу барысында емханаға уланумен түскен барлық науқастардан сальмонеллез қоздырғышы табылған. Сонымен қатар суши тағамының құрамына қосылатын краб таяқшасы мен соустан алынған сынамаларда сәйкессіздіктер кездескен.

Бүгінде "Три самурая" дәмханасы жабылған.

"Бұл факті бойынша "Санитарлық ережелер мен гигиена нормаларын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп толықтырды ведомстводан.

Еске сала кетесек, бұған дейін Жылыой аудандық орталық ауруханасына сушиден уланған 16 адамның түскенін, кейін олардың саны 29 адамға жеткіні хабарланған еді.

Кейінірек науқастар саны тағы өскен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892413-atyrau-oblysynda-47-adam-susiden-ulangan-dmhana-zmysyn-toktatty/