Норвегияда коронавирусқа қарсы вакцина салдырған екі адам қайтыс болды
Опубликовано:

Норвегияда Pfizer/BioNTech вакцинасын салдырған екі адам екпеден бірнеше күн өткеннен кейін қайтыс болды деп жазады РИА Новости.
Бұл туралы ақпарат Норвегия дәрі-дәрмек агенттігі мен Ұлттық денсаулық сақтау институтына түскен.
Агенттік тексеруді бастады. Сарапшылар вакцинацияның қарттардың өліміне қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
"Өлім мен вакцинация арасында байланыс бар ма жоқ па, әлде вакцинациядан кейін адамдардың көп ұзамай қайтыс болуы кездейсоқ сәйкестік пе, соны анықтау керек", - дейді Норвегия дәрі-дәрмек агенттігінің өкілі Стейнар Мадсен.
Басылымның жазуынша, әр апта сайын норвегиялық қарттар үйінде 400-дей адам қайтыс болады. Әзірге қайтыс болғандардың қандай да бір аурумен ауырған-ауырмағаны беймәлім.
Еске сала кетсек, бұған дейін еліміздің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Pfizer мен BioNTech вакцинасы Қазақстанға 2021 жылдың екінші жартыжылдығына кейін келуі мүмкін екенін айтқан еді.
Айта кетсек, мемлекеттік қызметкерлердің ішінен алғашқылардың бірі болып ерікті түрде қазақстандық вакцинаны салдырған Бердібек Сапарбаев денсаулық жағдайы туралы хабардар еткен болатын.
Белгілі болғандай, Жамбыл облысы әкімінің жай-күйі қалыпты.
"Екпе салдырғаныма бір аптадан асты. Денсаулығымда еш өзгеріс байқалған жоқ. Әдеттегідей, қызметімді атқарып жүрмін", - дейді Бердібек Сапарбаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892493-norvegiada-koronaviruska-karsy-vakcina-saldyrgan-eki-adam-kajtys-boldy/