RU

Алматы облысында демалыс күндері локдаун енгізіледі

Тәжвирус
Көрнекі фото: NUR.KZ/ Петр Карандашов

Алматы облысында эпидемиологиялық жағдайға байланысты демалыс күндері кафелер мен мейрамханалардың, сауда орталықтарының, базарлар мен басқа нысандардың жұмысы тоқтатылады. Бұл туралы өңір әкімдігі ресми Facebook парақшасында хабарлады.

Мамандардың сөзінше, инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия "қызыл" және "сары" аймақтардағы шектеу шараларын күшейту туралы шешім қабылдаған.

2021 жылғы 12 қаңтардағы жағдай бойынша облыста коронавирус жұқтырғандар саны 7731-ге жеткен.

Өңірде коронавирус жұқтырғандардың саны 2020 жылдың қазан айынан бастап өсіп, 3 айда 7,5 есеге артқан. Қаңтар айының 11 күнінде COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 597 жағдайы тіркелген.

Бүгінде облыс ауруханаларда 434 адам емделуде, оның 29-ы ауыр халде болса, 357 адам амбулаториялық жағдайда ем қабылдауда.

Әкімдік ақпарынша, коронавирус жұқтыру қаупі қоғамдық орындарда (сауда және қоғамдық тамақтандыру объектілері, базарлар) жоғары болып отыр.

Мәселен аталмыш жерлерде ауру жұқтырғандар 40 пайызды, вирусты отбасында жұқтырған науқастар 25 пайызды құраған.

"Бұл мереке күндері қала мен оған жақын аудандардың тұрғындары санитарлық дәрігердің талаптарын сақтамай, шектеу шараларын бұзғанын көрсетеді.

Мәселен, жаңа жылдық демалыс күндерінен кейін Талдықорған қаласындағы коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай алаңдатып отыр. Бағалау матрицасына сәйкес қала "қызыл аймақта", ал Көксу, Ескелді және Панфилов аудандарында "сары аймақта", - дейді әкімдік.

11 күннің ішінде Талдықорған қаласында 135 адам, Көксу ауданында 62 адам, Ескелді ауданында 41 адам инфекция жұқтырған.

Осыған байланысты ведомство эпидемиологиялық жағдайды бақылауды күшейту мақсатында Талдықорған қаласында, Көксу, Ескелді аудандарында 13 қаңтардан бастап демалыс күндеріне (локдаун) қосымша шектеулер енгізілетінін атап өтті.

Оған сәйкес, мейрамханалар мен дәмханалардың (алып кету және жеткізу – шектеусіз), ойын-сауық орталықтары, сауда үйлерінің (азық-түлік базарларын, дәріханаларды, сұлулық салондарын, химиялық тазарту орындарын қоспағанда), жабық базарлардың (азық-түлік және азық-түлік емес), сауналар мен СПА салондардың, спорттық-сауықтыру орталықтарының, мұз айдындарының жұмысы тоқтатылады.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты аталған аймақтардың мектептерінде онлайн оқыту мерзімі осы жылдың 21 қаңтарына дейін ұзартылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893372-almaty-oblysynda-demalys-knderi-lokdaun-engiziledi/