Алматыда жұмысшылар жарты жылдан бері жалақысын ала алмай жүр
Жарияланған күні:
Алматыда Өскемен күре жолын салған жұмысшылардың жалақысыз жүргеніне жарты жыл болған. Мердігер компания еңбекақы төлемін созып жүрген көрінеді. Жалдамалы жүк көліктері мен жұмысшылардың алдында кәсіпорын 25 миллион теңге берешек болып қалған деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Жарты жылдан бері мердігер компаниядан еңбекақысын ала алмай жүрген жұмысшылар бұл жолы кәсіпорын басшысы мүлде басқа сөз естіген.
Жұмысшылардың айтуынша, ол "ешкімді танымаймын, қарызым жоқ" деп қысқа қайырған. Десе де, 12 жұмысшы жүк көлігімен өткен жылы сәуір айында мердігерге жалдамалы жұмысқа тұрып, қыркүйекке дейін "Алматы – Өскемен" күре жолында жұмыс істегендерін айтуда.
Жұмыс яқталғанымен, жалақы төленбеген. Мердігердің қарызы 25 миллион теңгеге жеткен.
"Әр Камаздың сағатына байланысты, ол жақта бухгалтер болды. Кім қай уақытта шықты, рейстерге дейін жазылған. Кім қанша рейс жасады, бухгалтер қол қойып, есептегеннің өзінде 2,5 млн шығып отырған ақшаны төрт ай болды ала алмай жүрміз", - дейді жұмысшы Дәулет Ахмадиев.
Еңбекақысын ала алмай жүрген тағы бір жұмысшы Айдос Байбосынов алты ай бойы өз көліктерімен жұмыс істегендерін айтады.
"2 шақырым асфальт жол салдық сол жерде, міне бір қабат кетеді, міне ақша төлейміз, екінші қабат кетеді, енді ақша төлейміз, деді. Жарайды деп сеніп жүре бердік. Алты ай өз көліктерімізбен сол жерде қызмет еттік. Маған 2,7 млн теңге қарыз. Жалпы 25 миллион қарыз", - дейді ол.
Тапсырыс беруші "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы жұмысшылардың сөзін растап отыр. Айтуларынша, мердігер 40 адамға қарыз болғанымен қоса, компания алған міндетін толық атқармай басқа мердігерге 280 млн теңге берешек болып қалған.
"Бұл компания 40 адамға төрт айға айлық төлемеген. 20 миллион теңге қарызы бар екен. Осы аптаның аяғына дейін қарызды төлейміз, деп уәде берді. Біз қадағалауға аламыз. Айлықтың қарызын төлетеміз, бұдан әрі осындай жағдай қайталанбауы туралы ескерту жасадық", - дейді "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов.
Жұмысшылар жалақыны қаңтардың 16-на дейін күтуге дайын. Уәде осы жолы орындалмаса онда олар құзырлы органдарға арыз жазбақ.
А. Кемелжан
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893433-almatyda-zmyssylar-zarty-zyldan-beri-zalakysyn-ala-almaj-zr/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.