RU

"Жасыл аймақта тұрса да, жұмыс істей алмадық": Үш қалада кинотеатрлар жабылып қалды

Кинотеатр жұмысы
Көрнекі фото: gazeta.ru

Еліміздің үш қаласында кинотеатрлар жабылып қалды. Оралда кинотеатрлардың ашылуына рұқсат берілсе де, қожайындары жұмысын жандандырудан бас тартып отыр. Бұған өңірдің бас санитар дәрігерінің талабы себеп екен. Зал толмаса, шаш-етектен шығынға бататындарын айтқан кинотеатр иелерінің жанайқайын "Астана" арнасы жеткізді.

Тарихи туынды түсіруге екі жыл уақытын жұмсаған оралдық кинорежиссер Аманат Рзағалиев карантин кесірінен жұмысы тұралап қалғанын айтуда.

Ол бұлай жалғаса берсе, фильмнің түсірілуі екіталай екенін айтады.

"Шығынын қайтара алмай қалған фильмдер көп. Енді әрі қарай оның қалай болатыны белгісіз. Пандемия бітіп, Қазақстандағы бүкіл кинотеатрлар ашылған жағдайда да, кинотеатрлардың 30 пайыз, тіпті 40-50 пайызға дейіні ашылмауы мүмкін. Себебі олар кәсіптерін басқа салаға ауыстыруы ықтимал. Еліміздегі кинотеатрлардың 50 пайызы ашылса да, киноөндірушілерге қиын болады. Себебі бұрынғыдай 100 пайыз табысын таба алмайды", - дейді ол.

Мамандар болса, карантиннен тығырыққа тірелген қазақстандық кино, тоқыраудың алдында тұрғанын болжап отыр. Бүгінгі таңда елде үш бірдей облыстағы кинотеатр жабылып қалған.

"Біріншіден, жаңа фильмдер түсірілмеді. Осылайша репертуар жаңармады. Мысалы, Ресейде кинотеатрларға субсидиялар беріледі. Бізде ондай қолдау жоқ. Сондықтан продюсерлер түсірген туындыларын жылы жауып қойып, жағдайдың түзелгенін күтеді. Қазір Павлодар, Ақтау мен Оралдағы кинотеатрлар жабық. Олар жұмыс істеуге дайын болса да, санитарлық талаппен келіспейді", - дейді Қазақстан кинотеатрлар иелері қауымдастығының президенті Мунира Ягудина.

Кинотеатрлар жұмысқа дайын болса да, аймақтың бас санитар дәрігерінің қаулысын естіген оралдық кәсіпкерлер кинотеатрларын ашуға асықпауда.

"Батыс Қазақстан облысы жасыл аймақта тұрса да, жұмыс істей алмадық. Сосын өңірдегі ойын-сауық саласындағы барлық кәсіпкерлер қарсылығымызды білдіріп, петиция жаздық. Бас санитар кинотеатрды ашуға рұқсат етті. Бірақ мазақ қылғаны ма, білмедім, көрермен санын 20 пайыздан асырма дейді. Біз мұнымен келіспейміз", - дейді Cinema Park кинотеатрлар желісінің директоры Диллара Мұхамбетова.

Кинотеатрда директор қызметін атқаратын Дмитрий Евченко кинотеатрлардағы адам санын тым болмағанда 30 пайызға арттыру керектігін айтуда.

"Табысымыздың 60 пайызын киногерлерге береміз. Қалғаны жұмысшылардың жалақысы мен коммуналдық шығынға жұмсалады. Залды толтырмау туралы талаппен келіссек, жұмысшыларға жалақы да төлей алмай қаламыз. Елдегі 70 кинотеатр желтоқсаннан бастап жұмыс істеп жатыр. Ал бізге рұқсатты енді берді. Залдың ауасы желдетілетінін, барлық жағдай жасалғанын біле тұра осындай қисық шешім шығарып отыр. Сондықтан тым болмаса, адам санын 30% арттыруды сұрап отырмыз", - дейді кинотеатр директоры Дмитрий Евченко.

Кәсіпкерлер палатасының дерегіне сүйенсек, карантин басталғалы аймақтағы кинотеатры бар кәсіпкерлер 15 млрд теңге шығынға батқан. Палата қызметкерлері 20 пайыздық меженің өзіне қол жеткізуді үлкен жеңіс деп отыр.

"Бұл - шектеулерді жұмсарту бойынша кәсіпкерлер мен санитарлық дәрігерлермен бірге жүргізген жұмысымыздың нәтижесі. Мүлде тоқтап тұрғаннан жұмыс істеген жақсы ғой. Бұл да бір жетістік. Сондықтан өзімдікі дұрыс деп тірескеннен гөрі, ақылға келіп, бірге жұмыс жасағанымыз жөн", - дейді БҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Нұрқуатов.

Бүгінде Орал қаласында небәрі екі кинотеатр бар. Екеуінің де залы қаңырап бос тұр. Сала өкілдерін көрермен санын көбейтіп, кемінде залдың жартысын толтыру керектігін талап етуде. Әзірге бұған тек Шымкентте рұқсат беріліпті. Өзге қалаларда 20 пайыздың көлемінде.

Е. Карин, Ә. Лесбек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893438-zasyl-ajmakta-trsa-da-zmys-istej-almadyk-s-kalada-kinoteatrlar-zabylyp-kaldy/