Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

10 сантиметр қар жауған: Алматыда он сағатта 70-тен аса жол апаты болды

Опубликовано:

Алматы
Фото: Sputnik / Тимур Батыршин

Алматыда қалың қар салдарынан жол апаты жиілеп, небәрі он сағатта 70-тен аса жол апаты тіркелген. Осы орайда қала полициясы көлік жүргізушілерін сақ болуға шақыруда деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Түнгі сағат үштен бастап мегаполисте 70-тен астам жол апаты болды, алты жағдайда зардап шеккендер бар. Қардың қалың түсуі қаладағы жол қозғалысын қиындатады: кептеліс пайда болып, көліктердің өткізу мүмкіндігі нашарлайды", - дейді Алматы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұратәлиев.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жол апатының дені көлік жүргізушілерінің белгіленген тәртіпті сақтамауынан туындауда.

Яғни жылдамдықты азайтпау, апаттық жағдай тудыру, қауіпті әрекет жасау, бір-біріне құрмет көрсетпеу, жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өтуі секілді жағдайлар жол қозғалысына кері әсер етеді дейді Мұратәлиев.

Алматы полициясы жол қозғалысы ережелері мен қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырып отыр.

Айта кетсек, Алматыда 13 қаңтарда түнгі сағат төрт жарымнан таңғы тоғызға дейін 10 сантиметр қар жауған.

Қала әкімдігінің мәліметінше, көшелерді қардан тазартуға екі мыңға жуық жұмысшы тартылған.

Жалпы қаланы қардан тазарту жұмыстарына 630 арнайы техника, оның ішінде 234 құм лақтырғыш, 1 907 жол жұмысшысы жұмылдырылған.

Аудан әкімдіктері мен қала әкімдігінде қар тазалау жұмыстарын тәулік бойы бақылайтын кезекшіліктер ұйымдастырылған.

Ал "Қазгидрометтің" хабарлауынша, қалада ауа температурасы күндіз -2 градус болады, қар тәулік соңына дейін тоқтайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893507-10-santimetr-kar-zaugan-almatyda-on-sagatta-70-ten-asa-zol-apaty-boldy/

pixel