RU

Аймағамбетов грантты жұмыспен өтемеудің айласын тапқан студенттермен қалай күресетенін айтты

Фото
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім беру мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілген жаңа түзетулерді тағы түсіндіріп өтті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Белгілі болғандай, мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарына түскен кейбір студенттер мемлекет шығынын жұмыспен міндетті өтеуді айналып өтудің тәсілін ойлап тапқан.

"Олар грант арқылы 3-курсқа дейін тегін оқып, үш жыл бойы стипендия алады. Содан кейін мемлекеттік грантты жұмыспен өтемеу үшін 4-курста ақылы бөлімге ауысатын", – деп жазды Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында.

Осыған байланысты грант иегерін оқытуға мемлекет жұмсаған шығындарды өтеу бойынша жаңа норма енгізілген.

"Мәселен, студент грантта екі жыл оқып, кейін ақылы бөлімге ауысты делік. Бұл жағдайда студент қанша жыл грантта оқыса, сонша жыл грантты жұмыспен өтеуге міндетті болады. Дәл осы норма, ақылы бөлімнен грантқа ауысқан студенттерге де қатысты болады", – делінген министрдің жазбасында.

Одан бөлек, жаңа заңға сәйкес, енді түлектер тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істеп, гранттарын өтей алады. Басты шарт – дайындық бағыты (мамандығы) бойынша жұмыс істеуі тиіс.

"Бұл мәселені түлектер жиі көтеретін. Жаңа норма түрлі ұйымдардағы кадр мәселесін шешуге де септігін тигізеді. Сондай-ақ түлектердің жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

Мысалы, студент ауылдық квота бойынша фармацевтика бағыты бойынша оқуын аяқтады делік. Кейін ол ауылға барып, өз мамандығы бойынша мемлекеттік ұйымда жұмыс істеуге міндетті болатын. Ал, ауылда мемлекеттік дәріхана жоқ болса ше?", – деді білім және ғылым министрі.

Аймағамбетов қазір елімізде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік дамып жатқанын, мемлекеттік тапсырыс жекеменшік балабақшаларға, мектептер мен ауруханаларға белсенді түрде орналастырылып жатқанын атап өтті.

Сондықтан ендігі кезекте грантпен оқыған түлек өз дайындық бағыты бойынша жекеменшік ұйымдарда еш кедергісіз жұмыс істей алады дейді білім министрі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893811-ajmagambetov-memlekettik-grantty-zmyspen-temeudi-ajlasyn-tapkan-studenttermen-kalaj-kresetenin-ajtty/