RU

Алматыда пәтерде жалғыз қалып қойған 2 жасар бала құтқарылды

Бала
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда пәтерде жалғыз қалып қойған 2 жасар бала құтқарылды деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, 15 қаңтарда таңертең кезекші-диспетчерлік қызметіне ер адам пәтерде екі жасар кішкентай баланың жалғыз қамалып қалғаны туралы хабарлаған.

Жедел топпен бірге бас құтқарушы-психолог бірден оқиға орнына барған.

Белгілі болғандай анасы пәтерден шыққан сәтте есік жабылып қалып, екі жасар бала пәтерде жалғыз қалып қойған. Ал газ плитада қайнап жатқан шәйнек баланың өміріне қауіп төндірген.

"Үйде жалғыз қалып қойған баланы қорқытып алмас үшін, РЖҚЖ құтқарушылары қол гидравликалық құралының көмегімен терезе торларын кеңейтіп, терезені ашты. Құтқарушылар терезе арқылы ішке кіріп, газ плитаны өшіріп, пәтердің ішінен ашты. Жұмыс жедел бірнеше минуттың ішінде жасалды.

Бала қатты қорқып қалған. Психолог ана мен балаға шұғыл психологиялық көмек көрсетті. РЖҚЖ құтқарушылары көп қабатты үйдің пәтеріндегі өрттің алдын алды", - дейді ТЖ баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысы Сайрам ауданы Манкент ауылында темір қоршауға қысылып қалған төрт жасар баланың құтқарылғанын хабарлаған едік.

Полицияның мәліметінше, балқайдың анасы дүкенге барамын деп үйінен шығып кеткен. Оның артынша баласы да жүгіріп шығып, құрылыс заттарын сататын дүкен қоршауынан өтпек болған.

Алайда оның басы сыймай кептеліп қалған. Сол мезетте сол маңнан өтіп бара жатқан Сайрам АПБ-нің қызметкерлері көмекке келіп, баланы шығарып алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894078-almatyda-pterde-zalgyz-kalyp-kojgan-2-zasar-bala-ktkaryldy/