Қазақстанда қашан жаңа үкімет құрылады
Жарияланған күні:
Министрлер кабинеті мәжілістің жаңа шақырылымы сайланған соң өкілеттігін тоқтатты. Енді премьер-министр президентке үкіметтің құрамы туралы ұсыныс енгізеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Конституцияның 65-бабында премьер-министр тағайындалғаннан кейін президентке он күн ішінде үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы ұсыныстар енгізетіні көрсетілген.
"Үкімет туралы" Конституциялық заңның 19-бабы бойынша премьер-министр Республика президентіне ұсыныс енгізеді:
- Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы;
- Сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін қоспағанда, парламент мәжілісімен консультациялардан кейін үкімет мүшелерін қызметке тағайындау үшін кандидатуралар ұсынады.
Төменгі палатаның регламентінде (Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы заңның 22-1-бабы) үкімет мүшелерін қызметке тағайындау үшін мемлекет басшысына ұсынылатын кандидатуралар бойынша мәжіліс пен оның тиісті тұрақты комитеттерінде консультациялар өткізілетіні көрсетілген.
Тиісті комитеттің отырысында консультациялар өткізу кезінде қызметке кандидатураларды премьер-министр немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам ұсынады.
Консультациялардың қорытындылары бойынша тиісті комитет талқыланатын әрбір кандидатура бойынша консультациялық (ұсынымдық) сипаттағы қорытынды шығарады.
"Президент туралы" Конституциялық заңның 10-бабында сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін қызметке президент тағайындайтыны көрсетілген.
Үкімет – Қазақстан Республикасының атқарушы билігі, атқарушы органдар жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық етеді.
Үкімет өзінің бүкіл қызметінде президент пен парламент алдында жауапты.
Қазақстан Республикасының үкіметі:
- мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
- Парламентке республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті ұсынады, бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етеді;
- мәжіліске заң жобаларын енгізеді және заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді;
- мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады;
- республиканың сыртқы саясатын жүргізу жөнінде шаралар әзірлейді;
- министрліктердің, мемлекеттік комитеттердің, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне басшылық етеді;
- министрліктер, мемлекеттік комитеттер, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдар актілерінің күшін толық немесе қолданылу бөлігінде жояды немесе тоқтата тұрады;
- Республика президентімен келісім бойынша мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдар үшін қаржыландырудың және қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекітеді;
- өзіне Конституциямен, заңдармен және президент актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
Айта кетейік, 15 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев жарлығымен Асқар Мамин премьер-министр болып тағайындалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894310-kazakstanda-kasan-zaa-kimet-krylady/