Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанай облысында төрт қана бала оқитын 3 қабатты мектеп туралы білесіз бе

Опубликовано:

Фото
Фото: Азаттық Рухы

Қостанай облысында орналасқан Тұрғынбаев атындағы елдімекенінің тұрғындары ауылдағы жалғыз мектептің жабылып қалуынан қауіптенеді деп хабарлайды azattyq-ruhy.kz.

Әулиекөл ауданы әкімдігінің мәліметінше, ауылдағы Целиный бастауыш мектебінде бүгінде 4 қана бала білім алады. Оларға сабақ беретін екі ғана мұғалім бар. Ал ауылдағы тұрғындардың саны 138 адамды құрайды. Елдімекен аудан орталығынан 106 шақырым қашықтықта орналасқан. Ата-аналардың көбі балаларын өзге аудандар мен қалаға оқуға жіберуден басқа амалы жоғын айтады. 

"Ауылымызда бір ғана мектеп бар. Мектебіміз жап-жақсы, 3 қабатты. Былтыр оқушылар 9-шы сыныпқа дейін оқитын. Бірақ өткен жылдың қыркүйек айынан бастап тек бастауыш сыныптарын қалдырды. Жоғары сыныптарды оқушылар саны жетпейді деген желеумен жауып тастады. Көп ата-ана балаларын басқа аудандарға оқуға жіберуге мәжбүр болды. Келер жылы мектебіміз мүлдем жыбылып қала ма деп қорқамыз. Біз мектептің жабылуына қарсымыз", - дейді Әсемгүл Бекманова.

Облыстық білім басқармасындағылар аталған мектептің жабылуы, не жабылмауына қатысты әзірге нақты шешім жоқ екендігін жеткізді.

Ал осы мектепте білім алып жатқан балалар осы оқу жылын еш алаңдамай аяқтайтын болады.

Айта кетейік, еліміздің "Білім туралы" заңындағы жалпы білім беру ұйымдарының мемлекеттік нормативі бойынша бастауыш сыныптарды қамтитын мектептерде оқушылар саны кемінде 5 баланы құрауға тиіс. Олай болмаған жағдайда, білім ұясының жабылып қалуы бек мүмкін.

Фото
Фото: Азаттық Рухы

Бүгінде республикамыздағы оқушылардың 60 пайызға жуығы онлайн форматта оқып жатқанын еске салсақ, Тұрғынбаев елдімекеніндегі балалар әзірге мұндай мүмкіндікке ие болмай отыр. Себебі, ауылда 4G түгілі, интернет атымен жоқ.

"Ауылда интернет атымен жоқ. Бір ғана байланыс түрі орнатылған, сол арқылы қоңырау шалуға мүмкіндік бар. Қарапайым WhatsApp мессенджерін қоса алмаймыз. Былтыр ауруханамыз жабылды. Дәріхана да жоқ. Ауылымыз көркейсе дейміз. Мұндағы тұрғындар мал шаруашылығымен айналысады. Жайылымға жақсы жер. Бірақ ауылымыз дамып жатқан жоқ. Ал біздің бұл жақтан көшкіміз келмейді", - деді ауыл тұрғыны.

Қыс келгенде Тұрғынбаев ауылы тұрғындарын әбігерге салатын тағы бір мәселе бар: ол – жолдың жабылып қалуы. Алайда, аудан әкімдігі бюджет нақтыланса, бұл проблема шешімін табатынын айтып отыр.

"Қантар-ақпан айларында ауылға кіретін жолды тазарту үшін "Картбаев" жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасалынды. Басқа мезгілде қызмет көрсетуге ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу жүргізілуде", - деді "Әулиекөл ауданы әкімінің аппараты" жетекшісі Асқар Күбеков.

Соңғы 3 жылдың ішінде Тұрғынбаев ауылынан 61 адам көшіп кеткен екен. Ал олардың орнын басқан ешкім жоқ.

Айта кетейік, елімізде 2 761 елдімекен әлеуеті төмен ауылдардың санатына жатады. Олардың арасында тіпті болашағы жоқ аумақтар да бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894722-kostanaj-oblysynda-trt-kana-bala-okityn-3-kabatty-mektep-turaly-bilesiz-be/

pixel