Карантинде ауылға көшіп кеткен алматылық отбасының тыныс-тіршілігі қандай (фото)
Жарияланған күні:
Алматыда 20 жыл бойы сүт өнімдерін алып сатумен айналысқан отбасының өмірі карантиннен кейін күрт өзгерді. Үмбетовтер әулеті қаладағы үйін сатып, ауылға көшіп кетті. Ата-баба кәсібін қолға алған оларға алғашында күлгендер де табылған. Қазір олар өз сиырының сүтінен түрлі өнім жасап, қалаға тасуда деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Әулеттің анасы Қарлығаш Боранбайқызының айтуынша, қаладан ауылға көшуіне карантинде екі-үш ай тұралап қалған кәсібі түрткі болыпты.
«Біз ауылдардан сүт жинап, одан ірімшік, қаймақ жасап қала дүкендеріне өткізетінбіз. Былтыр қатаң карантин кезінде екі-үш ай үйде отырып, жұмыс тоқтап қалды. Жиған-тергеніміз шетінен азая бастады. Негізі бұрыннан өз фазендамыз болса деп армандайтынбыз», - дейді Қарлығаш Боранбайқызы.
Пандемия кезінде үлкен бетбұрыс жасаған әулеттің үлкені қазір жағдайдың түзелгенін айтады.
«Алғаш біз ауылға көшеміз дегенді естігенде жұрт күлді. Көпшілігі таң қалды. Шынымды айтсам, өзім сиыр сауып көрмегенмін. Бірақ жұмыстан қашпаймын. Ата-бабамыз малмен күн көрген. Оның үстіне бөтен ауыл емес, өз туған ауылым Алматы облысы Жамбыл ауданына қарайды», - дейді ауыл өміріне төселіп қалған әулеттің анасы.
Шаруа қожалығын үйіріп алып кету қалада туып-өскен Қарлығаш Боранбайқызының ұлдарына оңайға түспепті. Ауылдан баспана тапқанша туыстарының үйін паналаған отбасы бүгінде қаладағыдан кем түспейтін үлкен үйде тұрып жатыр.
«Басында сиыр сатып алуда ұрынып қалдық. Сүтті сиыр дегені ондай болмай шықты. Қазір малдың оң-солын біліп қалдық. Жазда жем-шөп жинап, қора салдық. Ескі үйді сатып алып, оны жөндедік. Аллаға шүкір, шаруашылықты кеңейтіп жатырмыз», - дейді қожалықтың иесі Азамат Үмбетов.
Азамат қаладан ауылға келгелі біраз салмақ тастағанын айтады.
«Таңғы төртте тұрамын. Осында келгелі артық ұйқыны ұмыттым. Ірі қараның басын көбейттім, жылқы, қой сатып алдым. Өзіме ауыл өмірі ұнайды. Қазір мал үйде, соның жем-суын беремін, астын тазалаймын. Күн қысқа, уақыт тез өтіп жатыр», - дейді алматылық жігіт.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895507-karantinde-auylga-ksip-ketken-almatylyk-otbasyny-tynys-tirsiligi-kandaj-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.