Қазақстандық төрт азамат өздерімен бірге Дубайдан коронавирус "алып" келді
Жарияланған күні:
Өткен тәулікте халықаралық әуе рейстерімен Қазақтанға 2,5 мыңнан аса жолаушы келген. Соның төртеуінен коронавирус инфекциясы анықталды деп хабарлайды COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК Telegram арнасы.
24 қаңтарда Қазақстан аумағына Германия, Латвия, Мальдив Республикасы, БАӘ, Мысыр, Түркия, Украина, Ресей және Қырғызстаннан 17 халықаралық әуе рейсі келген.
2 581 әуе жолаушыларының ішінде 1 886 адамда ПТР-тесттің теріс нәтижесін көрсететін анықтама болған. Тағы 695 қазақстандықтың анықтамасы болмапты.
Оның ішінде:
- Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына – 9 рейс, 1 109 жолаушы, анықтамамен - 748; анықтамасыз – 361;
- Алматы қаласының әуежайына – 6 рейс, 1 472 жолаушы, анықтамамен - 1 138, анықтамасыз – 334.
Анықтамасыз келген Қазақстан азаматтары келген жерлері бойынша COVID-19-ға ПТР-сынама тапсырған және карантиндік стационарларда өз нәтижелерін күтуде.
Сонымен бірге 2021 жылдың 23 қаңтарында анықтамасыз келген 345 ҚР азаматтарының ПТР-талдауларының нәтижелері бойынша Дубай-Алматы рейсімен келген 4 жолаушыдан коронавирустық инфекция анықталған.
Еске сала кетсек, өткен тәулікте елімізде 1480 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған болатын. Осылайша, ел бойынша ауру жұқтырғандар саны 178 454-ке жетті.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысы коронавирустың таралуы бойынша қазіргі уақытта "қызыл" аймақта тұр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895560-kazakstandyk-trt-azamat-zderimen-birge-dubajdan-koronavirus-alyp-keldi/