Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Соққыға жығылып, жансақтау бөліміне түскен 3 жасар қыз әлі есін жиған жоқ

Опубликовано:

Нәресте
Көрнекі сурет: pixabay.com

Анасы соққыға жыққаннан кейін жансақтау бөліміне түскен 3 жасар қыз әлі есін жиған жоқ. Туғанынан сал ауруына шалдыққан сәбиден анасы кезінде бас тартқан екен деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Петропавлда анасы өлімші етіп сабаған 3 жасар қыздың жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалап отыр. Қорғаншылық органдары ананы құқығынан айыруға бекінген. Себебі, көршілерінің айтуынша, анасы науқас баласын бұдан бұрын да соққыған жыққан.

Қайғылы жағдай 17 қаңтарда болған. 22 жастағы ана туған қызын есінен танғанша соққыға жығып, артынша жедел-жәрдем шақыртыпты.

Бұл жайттан соң, құзырлылар отбасын тексеруге көшті. Қорғаншылық органдарының мәліметіне сенсек, бала туғаннан бейнет көріп келеді. Туғанынан сал ауруымен ауыратын қыз баланы анасы асырай алмаған соң балалар үйіне уақытша тапсырған. Алайда ол араға жарты жыл салып, баласын алып кетіп, бөлек тұратын әкесіне табыстаған. Сәбиін емдеп, үш жыл бойы күтімін жасаған әкесі оны тура бір ай бұрын анасына қайтарыпты.

"Шешесі әкесіне баланы ерікті түрде берді. Бұл жерде қорғаншылық органдарының қатысуы міндет емес. Әкесінің әлеуметтік жағдайы жақсы. Сондықтан біз оларды тексерген жоқпыз. Кейін ол бізге ескертпестен баланы қайтып шешесіне берді. Айта кету керек, анасы психиатриялық диспансерде тіркеуде тұрмаған", - дейді СҚО Білім басқармасы Тәрбие, қамқоршылық және қорғаншылық бөлімінің жетекшісі Мафруза Науанова.

Қыз баланың анасы мен өгей әкесі жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрған. Көршілері ерлі-зайыптылардың пәтерінен айғай-шуды естімегендерін айтады. Дегенмен, отағасы сәбидің көгерген жерлерін емдеу үшін дәріханадан дәрі-дәрмек алған кезі болғанын айтуда.

"Олар бұл жерге жуырда көшіп келді. Мен жақын маңайдағы дәріханада жұмыс істеймін. Қыздың өгей әкесі дәріханаға келіп, сәбидің құлап аузын жаралап алғанын айтты. Кейін көгерген жерін емдейтін мазь сұрады. Жалпы бұл отбасыны жаман деп айта алмаймын. Көршілердің мазасын алғанын байқаған жоқпыз", - дейді тұрғын Инна Кобрина.

Жедел жәрдем келіп жеткенде үйде тек анасы болған. Ал өгей әкесі жұмыста болғандықтан, күдікке ілінбепті. Полицейлер әйелді қамауға алып, тергеу жұмыстарын бастап кетті.

"Қылмыстық кодекстің 106 бабы 2 бөлігі "кәмелеттік жасқа толмаған адамға қасақана зиян келтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізіледі. Күдікті бұрын құқық қорғау органдарының назарына ілікпегені белгілі болды. Қазіргі уақытта күдікті Петропавлдың уақытша ұстау изоляторына қамалды", - дейді СҚО ПД Тергеу басқармасы басшысының орынбасары Азат Құсайынов.

Бір аптадан бері аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан үш жасар қыз әлі есін жиған жоқ. Қыздың анасы 12 жылға дейін түрмеге қамауы мүмкін. Айта кету керек, қазір қорғаншылық органдары жас ананы ата-ана құқығынан айыруға бекініп отыр.

А. Құрманкин

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895605-sokkyga-zygylyp-zansaktau-blimine-tsken-3-zasar-kyz-li-esin-zigan-zok/

pixel