jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Эльмира Асқарқызы
Эльмира Асқарқызы
Аға журналист

22 жыл пәтер жағалаған Нұрқаділовтің туған қарындасы елден көмек сұрады

Заманбек
Скриншот: Youtube-тегі Уақыт көрсетеді арнасы

Белгілі мемлекеттік қайраткер марқұм Заманбек Нұрқаділовтің туған қарындасы елден көмек сұрады. Екінші топтағы мүгедек Рая Қалабаева Алматы облысы Шонжы ауылында қуықтай бөлмені жалдап тұрады. Қызының айтуынша, 2018 жылы жасалған күрделі отадан кейін анасы ақыл-есін жоғалтқан. Ал қазір мүлде төсек тартып жатыр деп хабарлайды Уақыт көрсетеді арнасындағы "Ит өмір" бағдарламасы.

Рая Қалабаеваның қызы Әсел Қалабаева анасының аз күндік өмірі қалды деп топшылайды. Ол анасын ақтық сапарға шығаратын жағдайының жоқтығын алға тартып, көзіне жас алды.

"Осы кісіні ұзататын жерім жоқ. Бауырларының ешқайсысы көмектеспеді. Сіңлісі анау, ақшасын талан-таражға түсіріп, ұрып, өлтіріп тастаймыз деп айтқан екен. Анам баспана деп арманда кетіп барады", - дейді Әсел Қалабаева.

Бағдарлама жүргізушісі Нұрсейіт Жылқышыбай Заманбек Нұрқаділовтің туған қарындасының үйсіз-күйсіз жүруін қазақ еліне үлкен сын деп атады.

Әселдің сөзінше, олар анасымен бірге 1999 жылдан бері пәтер жалдап келеді.

"Шындықты айту керек, пәтеріміз болды. Анамның сіңлілерінің кесірінен айырылып қалдық. Ол кісілер анамның басын айналдырып, ақшасын талан-таражға салды. Далада қалдық. 1999 жылдан бері анам екеуміз тұрмаған жер жоқ. Көк сасыған тас үйде де тұрдық. Әкімшіліктен келіп бізді тексеріп кетті, сонда да мән бермеді", - дейді Әсел Қалабаева.

Рая Қалабайқызының қызы марқұм ағасы Заманбек Нұрқаділовке еш өкпесі болмағанын айтады.

Айтуынша, кезінде марқұм ағасы қарындасын әкімдікке жұмысқа орналастырған. Алайда жалақысы аз болғандықтан, Рая Қалабаева басқа қызметке ауысып кеткен.

Рая Қалабаева - екінші топтағы мүгедек. Қызының сөзінше, 2018 жүрекке жасалған отадан кейін, ақыл-есін жоғалтып алған. Бүгінде сөйлеуден, жүріп-тұрудан қалған.

Әсел Қалабаева көпшіліктен анасының арманы болған баспана алуға көмек сұрады.

Белгілі болғандай, Рая Қалабаева мен Заманбек Нұрқаділов бір әкеден туған, ал аналары бөлек.

22 жыл пәтер жағалаған Нұрқаділовтің туған қарындасы елден көмек сұрады

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.