Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ең бірінші қауіптісі - газ": Атырауда тұрғындар жаңа баспанадан бас тартты

Опубликовано:

Тұрғындар
Фото: "Ақ Жайық" басылымы

Өткен жылдың қарашасында Атырау облысы Махамбет ауданы Сарайшық ауылында "Нұрлы Жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша осы ауылдағы аз қамтылған көп балалы 8 отбасыға 8 пәтерлік үйдің кілтін салтанатты түрде тапсырылған болатын. Алайда тұрғындардың қуанышы су сепкендей басылып, кілтті кері тапсыруға мәжбүр болды деп жазады "Ақ Жайық" басылымы.

Басылымның жазуыша, екі қабатты ғимараттың хикаясы ұзақ. Ол 1971 жылы сол кезде ауылда болған училище оқушыларына арналған жатақхана ретінде салынған, кейін оны жергілікті әкімдік балабақша қылуды жоспарлаған.

Бірақ түрлі себеппен бұл жоспарлары іске аспай, екі жыл бұрын ғимарат аукционға қойылып, сатылған. Кейін бұл ғимаратты жеке кәсіпкерлердің бірі күрделі жөндеуден өткізіп, 76 шаршы метрден 3 бөлмелі сегіз пәтер жасаған.

Аудандық әкімдік бұл пәтердің әрқайсысын 10 млн теңгеден (барлығы 80 млн теңге) сатып алып, көп балалы отбасыларға жалға берген (төлемақысы айына 6 мың теңге). Алайда бірнеше жыл үй кезегінде тұрғандар одан бас тарта бастаған.

"Бізге көп балалы отбасы ретінде осы үйдің бір пәтерінің кілтін берген. Басында мәз болып алдық, кейін қуанышымыз су сепкендей басылды. Пәтер салқын болды. Терезелерінің айналасы алқа-салқа ашылып жатыр, екі бөлменің есігі дұрыс орналастырылмаған, кезек-кезек ашуға тура келеді. Қабырғалары қиқа-жиқа, залда бір батарея, жылытпайды. Біз айқай-шу шығарғасын үйді мердігер жөндеген болды. Сосын бұл пәтерді тапсырып тастадым", - дейді Жансая Шакимова.

"Мен де бұл баспанадан бас тарттым. Пәтер ішінің жөндеуін қалай болса солай жасаған. Ең бірінші қауіптісі - газ. Әр пәтерде дербес жылуы болғанымен, газды көбейтсек, қолқаны қабатын иіс шығады. Балаларым үшін қорықтым, уланып қалса қайтемін. Сол үшін бас тарттым. Сатушы бұл үйде әлі жүз жыл тұруға болады дейді. Олай болуы екіталай. Ауылдан 4-6 млн теңге тұратын жер үйлер бар, одан да соларды сатып алып берсін" , - дейді Айнагүл Имашева.

Тұрғындар наразылығынан кейін ЖК пәтерлерді қайтадан жөндеген. Қосымша жылу батареяларын көбейтіп, жуыну бөлмесі мен ас үйдің қабырғасына бірнеше кафель плитасын жапсырған. Бірақ бұл қоныстанушыларды қанағаттандырып тұрған жоқ.

Аудандық ТКШ және құрылыс бөлімінің басшысы Нұғыман Пернебековта берілген баспанаға қатысты пікір білдірді.

"Сарайшық ауылынан сегіз отбасыға мемлекеттік бағдарлама бойынша баспанамен қамту үшін конкурс жарияланып, бюджеттен 80 млн теңге бөлінді. Бағалаушылар бір пәтерді 12 млн теңге деп белгіледі. Біз ол бағаны конкурс шартына орай 10 млн-ға дейін кеміттік.

Қазір төрт адам бұл үйден бас тартып, бізге жер үй қажет деп қолхат берді. Орнына басқа отбасылар орналасуда. Ол үйде  кемшіліктер болды, бірақ екі жылға дейін кепілдік мерзімі бар. Қазір мердігер оны қайтадан жөнге келтіруде. Бұдан басқа, тұрғындар бес жылдан кейін баспананы босатуға тура келеді деп алаңдап отыр. Бірақ олай емес, жалға беру келісімшарты бес жыл сайын қайта жасалып отырады.

Басқа тұрғындар берілген үйден бас тартпады, өйткені пәтер бөлінгендер кезектен автоматты түрде шығарылады. Ауылда сатылатын салыстырмалы түрде арзан жеке үйлер бар, бірақ олар әкімдік шарттарына сәйкес келмейді. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауылдарда жаңа үй салу қарастырылмаған, тек аудан орталықтарында салынуда", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895902-e-birinsi-kauiptisi---gaz-atyrauda-trgyndar-zaa-baspanadan-bas-tartty/

pixel