Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балаға пайғамбардың атын қойған дұрыс па?": Дінтанушы өте мұқият болуды ескертті

Жарияланған күні:

Нәресте
Көрнекі фото: pixabay.com

Бала дүниеге келген соң оған ат беру ата-ананың алдындағы ең үлкен міндеттердің бірі. Көпшілік ата-ана заман ағымына ілесіп, қазіргі күнге сай есімдерді сәбиіне беруге сәнге айналдырды. Заманауи аттардан бөлек, діни есімдер де қазақстандықтар арасында көш бастап тұр. Ел ішінде балаға пайғамбарлар есімін беріп жатқандар да бар. Алайда, көпшілік балаға пайғамбарлар мен ғұламалардың атын беру ауыр соғады деген пікірде. Бұл қаншалықты дұрыс? KAZ.NUR.KZ сұрағына дінтанушы, имам Нұрлан қажы Байжігітұлы жауап берді.

"Есімнің тағдырға берер өзіндік пайдасы мен ықпалы бар. Сондықтан, бабаларымыз ұлылардың жолына салу үшін, ұрпағына кітапқа қарап пайғамбарлар есімін, тарихқа қарап батырлар, жыраулар, ақындар есімдерін ниеттеген. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өзі "Балаға ат қоюда мұқият болыңдар, көркем есім беріңдер" демеді ме? Бұл бекерден бекер емес. Керек десеңіз, есім зерттейтін антропонимика ғылымы да осы ұлы сөзге сүйенеді. Адам есімі неғұрлым көркем болған сайын, адамның өзі де көрікті, өмірі де көңілді болады деген түсінік бар", - дейді Нұрлан қажы.

Дінтанушы пайғамбарлар есімі балаға ауыр болады деген пікірге қатысты өз ойымен бөлісті.

"Халық арасында пайғамбарлар есімі балаға ауыр болады деген сәл қате ұғым бар. Негізінде, пайғамбарлар есімімен аталған балаға ұрсып, жекуде ата-анаға ауыр тимес үшін, шариғат тіркемені қарастырады. Мәселен, Ибраһим есіміне Абайды тіркеген. Осы тіркемемен біздің данышпан Абай атамыз әлі күнге жадымызда. Бұдан басқа, жәннәтпен сүйіншіленген он сахабаның бірі Сағд ибн Әби Уаққастың есімін аталарымыз Сәдуақас деп ана тілімізге ыңғайлаған. Мұхаммедті Махамбет, Ибраһимді Ыбырахым, Хасан Хусейнді Асан мен Үсен, Айшаны Қайша, Фатиманы Бәтима деп есімдеген. Негізінде, ат қоюда мен осы екі нұсқаны ұсынар едім. Ал енді осындай тіркессіз балаға Мұхаммед есімі берілсе, Муха деп, Ибраһимді Ибо деп ойнап та, қалжыңсыз да қысқартуға болмайды", - дейді имам.

Айта кетелік, Нұрлан қажы Байжігітұлы қазір есімдерін жаппай арабшаға ауыстырып жатқан қазақстандықтарды да сынға алған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895941-balaga-pajgambardy-atyn-kojgan-drys-pa-dintanusy-te-mkiat-boludy-eskertti/