RU

Ақмола облысында балық консервісінен белгісіз тіршілік иесі табылды (фото, видео)

Белгісіз тіршілік иесі
Скриншот: "Астана" телеарнасы

Ақмола облысы Калачи ауылында тұрғындардың бірі балық консервісінің ішінен белгісіз тіршілік иесін тауып алды деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Шабаққа толы консервіленген банканың ішінен белгісіз тіршілік иесін тауып алған келіншек бұл жайтты видеоға түсіріп, оны интернетте жария еткен.

Белгісіз тіршілік иесі бір қарағанда үлкендігі бірнеше сантиметрге баратын қоңызға ұқсайды. Оның қабыршағы және көптеген аяқтары бар.

Белгісіз тіршілік иесі
Скриншот: "Астана" телеарнасы

Видео авторының айтуынша, Ресейде жасалған балық консервісін ол жаңажылдық мерекеге дейін сатып алған екен.

Қаңылтыр банкада қандай тіршілік иесі болғандығы әзірге белгісіз. Санитарлық дәрігерлер әйел шағыммен оларға жүгінсе, тексеріс жүргізуге әзір екендерін алға тартты.

Сонымен бірге эпидемиологтар сауда нүктелерін бақылау кезінде шабақ өндірушісіне назар аударуға уәде берді.

"Біз аудандарға дәл осындай консервілерді сатып алып, зерттеу жүргізуді тапсырамыз, егер фактілер анықталса, онда біз шаралар қолданатын боламыз. Бірақ бір ғана фотосуреттен өнімнің атауын бүгінде анықтай алмаудамыз", - дейді Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина.

А. Ткаличеваның материалынан аударылды.

Еске салсақ, бұған дейін Таиландта кафеден кофеге тапсырыс берген жігіт сусыннан тарақан тауып алып, жағасын ұстағанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896053-akmola-oblysynda-balyk-konservisinen-belgisiz-tirsilik-iesi-tabyldy-foto-video/