Шпекбаев пара алушыларды қоғамдық жұмыстармен жазалауды ұсынды
Жарияланған күні:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев қоғамдық жұмыстарды сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жаза ретінде белсенді қолдану қажет деп санайды деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Шпекбаевтың айтуынша, түрме адамды сирек тәрбиелейді. Ол ЭЫДҰ (ОЭСР) елдерінде жемқорларды негізгі немесе қосымша жаза ретінде қоғамдық жұмыстарға тартуы кездейсоқ емес екенін жеткізді.
Ұлыбританияда сотталғандарға "қоғамның қарызын қайтару" деген жазуы бар кеудеше кигізіп, оларға көше жұмыстарын жасатады, деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы.
Оның пікірінше, психологиялық тұрғыда бұл тәсіл біршама тиімді және қоғам қылмыскерлерді танитын болады.
Шпекбаев орта және орташа ауыр жемқорлық қылмыстары үшін қоғамдық жұмыстарға тарту қылмыстық заңнамамен реттелгеніне қарамастан, елімізде соттар бұндай жазаны мүлдем тағайындамайтынын алға тартты.
"Менің ойымша, ең алдымен күшті алдын алу әсері тұрғысынан бұл институтты күшейту керек", - деді Шпекбаев.
Сонымен қатар, Алик Шпекбаев өткен жылы пандемияға байланысты жүздеген қылмыстық іс тіркелгенін атап өтті. Оның сөзінше, соның тең жартысы – дағдарысқа қарсы бюджет қаржысын жымқыру әрекеті.
"Пандемия кезінде халық билікке үміт артып, қамқорлық пен көмек күтіп отырғанда кейбір арсыз шенеуніктер мен топ-менеджерлер заңнан да, құдайдан да қорықпай, лауазымын қалтасын толтыру үшін пайдаланып, жүйелі түрде пара алды. Бюджет қаржысын жымқырды", - деді ол.
Одан бөлек, "Astana LRT" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан мен қала әкімінің экс-орынбасары Қанат Сұлтанбеков интерпол желісі бойынша іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.
Мұны жемқорлыққа қарсы агенттіктің екінші департамент басшысы Сергей Петров айтты.
Қос күдікті мұхит асып кеткен болуы мүмкін. Құзырлы органдар олардың ізіне түскен көрінеді. Қазір осы іске қатысы бар деген күдікпен 7 адамның ісі сотта қаралып жатыр.
"Astana LRT" ісі қазір сотта қаралып жатыр. Күдікке іліккен 7 адам бар. Одан бөлек, тағы 2 күдіктіні интерпол желісі бойынша іздестіріп жатырмыз. Олардың қайда екенін анықтадық десек болады. Қазір өзге де құзырлы орындармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз", – деді ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің екінші департамент басшысы Сергей Петров.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896425-spekbaev-para-alusylardy-kogamdyk-zmystarmen-zazalaudy-syndy/