"Орысша сөйлей алмайды": Қызылорда аруы атанған қыздың дәмханада ыдыс жуып жүргені рас па
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде Қызылорда аруы атанған 20 жастағы Гүлнұр Нұртазаның дәмханада аспаз және ыдыс жуушы болып жүрген видеосы тарап кетті. Алайда аталған видеоны көрген желі қолданушылары мұны "хайп" үшін жасалған әрекет деп бағалады. Осы орайда Гүлнұрдың жақын құрбысы Диляра Шәріпханова бойжеткеннің аспаз да, ыдыс жуушы да емес екенін айтты деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол Гүлнұрмен жарты жыл Алматыда бірге тұрғанын жеткізді.
Екі ай бұрын ғана екеуі екі бөлек кеткен.
Диляраның сөзінше, Гүлнұр ол танығалы бері модель болып түрлі сән көрсетілімдерінде жұмыс істеген. Бірақ карантинге байланысты соңғы кездері сән көрсетілімдері болмай жүрді, дейді құрбысы.
"Өзі Алматыдағы жоғарғы оқудың бірінде заңгер мамандығы бойынша сырттай оқиды. Әлеуметтік желіде тараған видеодағы халықтың пікірін көріп, Гүлнұрға хабарластым, телефоны сөндірулі екен. Екеуміз Жаңа жыл алдында кездескенбіз, ал телефон арқылы осыдан 4-5 күн бұрын ғана сөйлестік. Кафедегі жұмысы туралы ешнәрсе айтқан емес. Жаңа жылдан кейін орналасып, маған айтуға ұялған болар. Ол жағы әзірше белгісіз", - деді құрбысы.
Оның айтуынша, Гүлнұрдың ата-анасы өмірден қайтқан. Карантинге байланысты ақша болмағандықтан, ол оқу ақысын төлеуге қиналып жүрген.
"Әкесі біраз жыл бұрын дүниеден қайтқан. Ал анасы қыркүйек айында коронавирустан көз жұмды. Гүлнұрдың жүрегінде ақау бар, арасында мұрнынан қан ағып талып қалады. Автобуста талып қалған видеосы сондай сәттердің бірінен.
Одан бөлек, оңтүстіктің қызы болғандықтан орысша сөйлей алмайды. Сол себепті көп компанияларда менеджер болып та жұмысқа орналаса алмады", - деді құрбысы.
Диляра құрбысының өмірде өте ақкөңіл және қарапайым қыз екенін жасырмады.
"Мен модельмін, мисс едім деп мақтанғанын көрген емеспін, Instagram желісінде де отырмайды. Мен білетін соңғы жарты жылдықта ешқандай жерде аспаз да, ыдыс жуушы да болып жұмыс істемеген. Карантинге байланысты арасында ақша табу үшін шыққан шығар. Бірақ көпшіліктің "хайп" деп ойлағанын қаламаймын. Егер, Гүлнұрмен байланысып жатсам, сіздерге өзі шындығын айтар", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896445-oryssa-sjlej-almajdy-kyzylorda-aruy-atangan-bojzetkenni-dmhanada-ydys-zuyp-zrgeni-ras-pa/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.