"Анам 16 жасымда тастап кетті": Алматыда тағдыр тауқыметін тартқан ару жанайқайын айтты
Жарияланған күні:
Алматыдағы "Жан Сая" тұрмыстық зорлық-зомбылық орталығына Өзбекстан елінің азаматшасы ауыр жағдайда түсті. 16 жасында анасымен бірге Қазақстанға келген ол кейін бейтаныс елде жалғыз өзі қалып кеткен. Шырын (кейіпкердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында есімі өзгертілді – ред.) содан бері анасын көрген емес деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Шырын алғаш рет Қазақстанға 16 жасында келеді. Алғашында анасымен біре нәпақа табуды көздеген. Алайда, анасы қызын алыс туыстарына тастап, өзі туған еліне кетіп қалады.
Содан бері Шырын анасын да, туыстарын да көрген емес. Ал қолында бар болғаны туу туралы куәлігі болған.
Осыдан бес жыл бұрын Шырын өзін ұнатқан жігітке тұрмысқа шыққан.
"Өкінішке қарай, некем сәтті болған жоқ. Күйеуім ішімдікке жақын болатын. Маған қол көтеруді қалыпты нәрсеге айналдырды. Тоғыз ай сәби көтеріп, оған бір ұл, бір қыз сыйласам да, жолдасыма жағу мүмкін емес еді. Сондықтан, онымен ажырасамын деп шештім.
Балаларыммен бірге қайда барарымды білмедім. Мұнда бірде-бір жақын адамым жоқ. Өзімде де, балаларымда да құжат жоқ. Басқа елде осындай ауыр жағдайда қалғаным үшін кімді кінәларымды да білмеймін. Жолдасым екеуміз басында жеке шаруашылық жүргізіп, күн көрген едік. Алайда, арақтың кесірінен жанұямызды сақтай алмадық", - дейді ол.
Шырынның азаматтығы жоқ болған соң, өзі де, балалары да құжатсыз. Кейін барар жер, басар тауы қалмаған өзбекстандық келіншек дағдарыс орталығы барын естіп, осында бет түзейді.
Алматыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталыққа Шырын еш құжатсыз, тек балаларымен келген.
Жан баласынан жылу көрмеген ол мұндағы мамандардың ақыл-кеңесін алуда. Қазіргі уақытта орталықтағы заңгерлер Шырын мен балаларының құжаттарын реттеумен айналысып жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896486-anam-16-zasymda-tastap-ketti-almatyda-tagdyr-taukymetin-tartkan-aru-zanajkajyn-ajtty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.