Тоқаев Дорофеевтің қайтыс болуына байланысты оның жақындарына көңіл айтты
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналист Михаил Дорофеевтің қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
"Белгілі журналист, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Михаил Дорофеевтің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты көңіл айтамын. Біз Михаил Дорофеевті отандық ақпараттық кеңістіктің қалыптасуына елеулі үлес қосқан танымал тұлға, талантты медиаменеджер ретінде таныдық. Оның белсенді азаматтық ұстанымы мен адамгершілік қасиеті жоғары бағаланатын. Михаил Дорофеевтің жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады", – делінген президенттің көңіл айту жеделхатында.
Одан бөлек, Берік Уәлидің өзі де журналистің қазасына қатысты оның жақындарына көңіл айтуда.
"Танымал журналист, мықты медиаменеджер, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Михаил Дорофеевтен кенеттен айырылып қалып, ашық күнде төбемізден жай түскендей болып отырмыз.
Біз оны нағыз кәсіби маман ретінде білетін және құрметтейтін едік. Ол өзінің білімімен, тәжірибесімен, болмысымен кейінгі толқын әріптестеріне үлгі болып, тәрбие берді. Министрлікте жұмыс істеген кезімде оны баспасөз қызметінің қызметкерлеріне тренинг өткізуге шақырып едім. Сол кезде оның кәсіби шеберлігіне көзіміз жете түскен.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Дорофеевке сұхбат берген кезде де бір-бірімізді толықтырып, тонның ішкі бауындай араласып жұмыс істедік.
Жеке өзімнің және Президент Баспасөз қызметінің атынан Михаил Дорофеевтің жақындары мен туыстарына, әріптестеріме қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын", - деп жазған Берік Уәли.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896528-tokaev-dorofeevti-kajtys-boluyna-bajlanysty-ony-zakyndaryna-kil-ajtty/