RU

Білім және ғылым министрі өзіне "шабуыл жасап жатқандар" туралы ағынан жарылды (видео)

Асхат Аймағамбетов
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов танымал тележүргізуші Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында өзіне "шабуыл жасап жатқандар" туралы ағынан жарылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

"Президент "ЖОО-ларды жауып жатқан Білім және Ғылым министрлігіне ақпараттық кампания жасалуда" деді. Олар кімдер?", - деп сұрады Нартай Аралбайұлы Аймағамбетовтен.

Білім және ғылым министрі бұл мәселеде бірінші кезекте ЖОО-ларды жабудың себебін түсіну маңызды екендігіне баса назар аударды.

"Біріншіден, мемлекет басшысы қойып отырған тапсырма - білім сапасын арттыру. Бұның екі жолы бар. Біріншісі - сапасыз білім беріп жатқан жоғары оқу орындарын жабу. Онсыз болмайды. Екіншіден, білім сапасын арттыру бойынша жүйелі шешімдер қабылдау... Мемлекет басшысы мұны жайдан-жай көтеріп отырған жоқ", - деп сөзін бастады министр.

Аймағамбетов өзіне "шабуыл жасап жатқандардың" кім екенін білу қиын еместігін алға тартты.

"Заңнама шеңберінде жұмыс істеп жатырмыз... Ол бостан-босқа шықпайтын мәселе ғой. БАҚ-ты ашсаңыздар, әртүрлі әлеуметтік желілерді ашып қарасаңыздар, қазір халықтың көзі ашық қой, бәрі кімнің не істеп жатқанын біліп отыр. Кім нені жазып, кімге қандай шабуыл жасалып жатқанын, оны да көру қиын емес. Сондықтан қажет болса, әрине біз олардың есімін айтамыз. Бірақ менің жеке ұстанымым - заңнаманың шеңберінде дұрыстап түсіндіріп, бірге жұмыс істеу. Бізге керегі - университетті жауып тастау емес, бізге білім сапасын көтеру керек", - дейді ол.

Министр университеттерді жабуға көп күш жұмсалып жатқанын жасырмады.

"Жан-жақтан шулап жатыр. Мына университеттің 50 жылдық тарихы бар, мына университеттің осынша жылдық тарихы бар дейді. Бірақ шулай бермей, сол университеттердің дипломдарын, бағдарламаларын қараңыздаршы! Университетте сапа болмаса, келеңсіз жағдайлар көп болып жатса, біз не істейміз, қол қусырып қарап отыра беруіміз керек пе? Жоқ, әрине. Сондықтан балаларды қорғау үшін, білім сапасына нұқсан келтірмеу үшін мұндай шешім қабылдауға мәжбүрміз. Бұған көп энергия, көп күш кетіп жатыр. Бірақ мұны біз істемесек, кім істейді?", - деп түйіндеді білім министрі.

Министрдің айтуынша, бүгінде БҒМ 15 жоғары оқу орнымен соттасып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896558-bilim-zne-gylym-ministri-zine-sabuyl-zasap-zatkandar-turaly-agynan-zaryldy-video/