Шымкенттегі көшелердің біріне жұқпалы індет салдарынан шектеу қойылды
Жарияланған күні:
Шымкентте құтыру ауруының ошағы табылды. Жұқпалы індет Жайлау мөлтек ауданындағы тұрғындардың бірінің өлген үш айлық күшігінен анықталған. Осыған байланысты көшеге шектеу шаралары енгізілді деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Белгілі болғанындай, үй иесі құтырудан өлген күшігін қараша айында базар маңынан сатып алыпты. Бір айдан соң қожайыны күшігіне "оба" індетіне қарсы екпе жасатқан екен.
Алайда қаңтар айында күшік кенеттен ауыра бастап, артынша өліп кеткен. Өлген жануарға сараптама жасаған мамандар оның құтырудан өлгенін растады дейді ветеринарлар. Үй жануарының бұл жұқпалы індетті қайдан жұқтырғаны жұмбақ күйінде қалып тұр.
"Бірақ өлген кезінде күшіктен ешқандай құтыру ауруының клиникалық белгілері байқалмаған. Су ішкен, жарықтан қорықпаған. Ешқандай сілекей бөлінбеген. Ал құтыру ауруы кезінде сондай клиникалық белгілер байқалуы тиіс", - дейді Шымкент қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Манарбек Ержігітов.
Бүгінде күшіктің қожайыны үй ішімен бірге медицина қызметкерлерінің бақылауына алынды. Отбасы мүшелерінің бәріне құтыруға қарсы екпе салынатын болады. Жұқпалы індет тарап кетпеуі үшін мамандар, тұтас көшемен бірге, сол аумаққа шектеу шараларын енгізді.
Шектеу шаралары екі ай бойы жалғаспақ. Осы уақыт аралығында бұл аумақтағы қаңғыбас ит-мысықтар жаппай ауланатын болады.
А. Төребекқызы
Еске салсақ, бұған дейін Ақмола облысында балық консервісінен белгісіз тіршілік иесі табылғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896806-symkenttegi-kselerdi-birine-zkpaly-indet-saldarynan-sekteu-kojyldy/