Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте автобус жүргізушілері ереуілге шықты

Жарияланған күні:

Шым ереуіл
Наразылық білдірушілер. Кадр: КТК арнасынан

Шымкентте қаланың бас тасымалдаушысы "Шымкент Бас" автопаркінің 300-ге жуық жүргізушісі мен кондукторы жұмысқа шығудан бас тартты. Олар тәулігіне 18 сағат жұмысы үшін тым аз жалақы берілетінін, ал жұмыста еш жағдай жасалмағанын айтып шағымдануда деп хабарлайды КТК арнасы.

Автобус жүргізушілері басшыларының күнара жоспарды көбейтіп жіберетініне де ашулы екендерін жасырмады.

Айтуларынша, тәулігіне 18 сағат жұмыс істеп, 120 мың теңгеге жуық айлық алады. Жанар май, күнделікті автобусты жуу қызметі де сол жалақының есебінен жүретін болып шықты.

"Тіпті автобус бұзылса да, қосалқы бөлшекке қалтамыздан қаржы шығарамыз" дейді шағымданушылар.

"120 мың теңгеден түскі ас, басқасы бар, жол апаты бар... 120 мың неге жетеді? Көлікке соғылысып қалсақ, автопарк көтермейді. Бәсекелес көп, жарысасасың, қалада автобус көп қой. "Жарыспа" - дейді. Жарыспасаң, қайдан план тауып бересің, мысалы. Жоспар – 23 мың теңге. Оны біз төлейміз", - дейді автобус жүргізушісі Бауыржан Керімқұлов.

Жүргізушілер "төлем" жүйесі іске қосылғалы жағдай тіпті қиындағанын алға тартты. Жүйе күнара істен шығатын көрінеді. Ал төлемді қолма-қол жасауға тыйым салынған екен. "Соның салдарынан күндік жоспар орындалмай жатыр" дейді жиналғандар.

"Біздің қалтамызда карточка бар, карточкамен ал" дейді. Ал аппарат істемесе, оны қалай аламыз? Хабарласады, ал мобильді топ тек түсте келеді. Түске дейін біздің жоспарымыз бар ғой. Кешке келсек, кассада бір-бірінің үстіне шығып кетейін деп тұрады. Бір-ақ касса. Кешкі сағат 9-дан 11-ге дейін тұрамыз, 300 адам бір кассаға кезекте тұрады. Үйге түнгі 12-де барамыз", - деп күйінді автобус жүргізушісі Жандос Мылтықбаев.

Қызметкерлер "басшылықтың айыппұлынан да" шаршағандарын айтуда. Билетсіз мінгендер болса, жолаушылар маскасыз кірсе, әр жүргізушіден 7 мың теңге қағып алатынға ұқсайды.

Ал әкімдікке тиесілі автопарк басшылығы "жүргізушілер оңай ақшадан қағылған соң шу шығаруда" деп санайды.

"100 пайыз адал жұмыс істесе жалақысын көтереміз. Біз тексердік қой. Олар жолаушылардың бергенін өз қалтасына басқысы келеді. Сондықтан жоспарды көтергеніміз рас", - дейді Shymkent Bus ЖШС-нің директоры Азат Фархад.

Алайда жүргізушілер басшыларының айтқанымен келіспей отыр. Жұмысқа шығудан бас тартқандарды қала әкімі де райынан қайтаруға тырысты. Бес сағаттан астам уақытқа созылған наразылықтан кейін жүргізушілердің дені автобусына мініп, жұмысына кеткен.

Әкімнің уәдесімен 800-ге тарта автобус жүргізушісі мен қала басшысы қайтадан автопаркте жолығып, барлық мәселеге нүкте қоймақшы.

Дереккөз КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897244-symkentte-300-ge-zuyq-avtobus-zurgizusisi-zumysqa-sygudan-bas-tartty/