"Қазаққа ұқсайды": Кореяға кеткен қазақ келіншек сол елдің азаматымен бас қосқан
Жарияланған күні:
Үш жыл бұрын Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге кеткен қазақ әйелі елге қайтпайтынын жеткізді. Ол Кореяның ірі қаласында қонақ үй бизнесімен айналысатын сол елдің азаматымен бас қосқан деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Алматыда туып-өскен Дәния осыдан үш жыл бұрын туған-туыс, ел-жұртты тастап, бір сөмке киімімен кәріс еліне жұмыс істеуге келгенін айтады.
Толық аты-жөнін айтудан бас тартқан ол Қазақстаннан кетпей тұрғандағы өмірін әңгімелей келе, шетелге кетуіне не түрткі болғанын жеткізді.
"Осында жүргеніме үш жылдан асты. Келгеніме өкінбеймін. Мен бір рет тұрмыста болғанмын. Бұрынғы күйеуіммен 12 жыл отастық. Бірақ тағдырдың жазуымен бала көтере алмадым. Жолдасым екеуміз барлық мүмкіндіктерді көрдік, қайта ЭКО жасатуға табысымыз жетпеді. Күйеуім соңғы сәтте үмітін үзді. Ата-анасы да ортамызға түсті.
Мен оны аяп, еркіне жібердім. Ажырасып кеттік. Соның әсерінен менде депрессия басталды. Денсаулығым болмай, қайта-қайта ауыра бердім. Сол уақытта танысым, жұмыстағы әріптесім өзімен бірге Кореяға баруды ұсынды. Бір сөмке киіммен келдім осында", - дейді Дәния.
Қазір Дәнияның сол елдің азаматымен бас қосқанына бір жылдан асқан.
"Әрине мен осында тұрмыс құрамын деп келген жоқпын. Біз бір-бірімізді ұнатып қосылдық. Бұл жақта жігіттер жай үйленеді, тек 40-қа жақындағанда өз теңін іздей бастайды. Өзі менімен құрдас. Екеуміз танысқанда бұрыннан таныс адамдарша араласып кеттік. Ол көпшіл, мейірімді. Түрі қазаққа ұқсайды. Бастысы оған бала мәселесі қатты маңызды емес. Мен оған бұрынғы өмірім туралы жасырмай айттым", - дейді келіншек.
Дәнияға тіл білмеу біраз қиындық тудырған.
"Басында тілден қиналғаным рас. Сәл-пәл ағылшынша білгенім болмаса, кәрісше мүлде естімегенбіз ғой. Ақырындап ауызекі тілді үйреніп кеттім. Қазір жолдасыма қазақша, орысша үйретіп жатырмын", - дейді ол күліп.
Дәния жолдасының қонақ үй саласында кәсіп жасайтынын жеткізді. Кейде Дәния күйеуіне көмектесіп, қонақ үйді тазалау жұмысын өзі-ақ атқарып тастайды екен.
Ол әзір елге оралу туралы ойламайтынын айтады. Алайда болашақта күйеуін ертіп, Қазақстанға келу ойында бар.
Ресми дерек бойынша қазір Оңтүстік Кореяда 35 мыңнан астам Қазақстан азаматы жүр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897280-qazaqqa-uqsaidy-koreyaga-ketken-qazaq-kelinsek-sol-eldin-azamatymen-bas-qosty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.