Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Анасымен бірге "көлік мазарында" тұратын алматылық туралы не білеміз (фото)

Опубликовано:

Алматылық автоколлекционер
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

Алматыда ескі көліктерді жинаумен айналысатын ерекше адам тұрады. Екі жыл бұрын оның себезгісі бар, көмірмен жүретін "Ока" көлігі қала тұрғындарының назарын аударған еді. Владимир Ян анасымен бірге тау бөктерінде өзі салған қуықтай лашықты паналайды. Адам төзгісіз жағдайда тұрып жатса да, коллекционер ауласындағы көлік қаңқаларын ақша болса қайта қалпына келтірмекші. KAZ.NUR.KZ тілшісі заманында екінің бірі қолы жетпеген автокөліктердің "мазарын" аралап, Владимирдің тұрмысымен танысып қайтты.

Владимир Ян (құжат бойынша - Лян) өмір бойы ТЖО-да автомоторшы болған. Ол 20 жылдан бері өз заманының сәні болған "Москвич", "Запорожец" сияқты көліктерді жинаумен айналысады. Автокөлік десе ішкен асын жерге қоятын тұрғынның бұл қылығы көп адам үшін түсініксіз. Владимир құрастырған көмірмен жүретін қозғалтқышы бар "Ока" көлігін Алматы көшесінде көргендердің таңқалғаны әлі есте.

Алматылық автоколлекционер
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

"Мен оларды ақша табылса, қайта қалпына келтіремін. Сол үшін жинап жатырмын. Жасап алсам сатпаймын, менікі тек қызығушылық", - дейді автоколлекционер.

Владимир Ян KAZ.NUR.KZ тілшісіне әр көлігін жеке таныстырып шықты. Ол қай көлікті қалай алғанын, оның шыққан жылына дейін айтып берді.

БМВ
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

Мынау осы ауладағы ең ескі көлік екен. 1948 жылы шыққан BMW. Владимир бұл көлікті облыстан жеткізгенін айтады.

Мұнда "Москвичтің" түр-түрі бар.

Москвич
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

1955 жылы шыққан "Москвичтің" алғашқы нұсқасы, "Москвич 401", "Москвич 403", "Запорожец 40" тағы басқасы.

"Запорожец-40"

запорожец
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

"Москвич-401"

Москвич
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

"Москвич-403"

Москвич
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

"Запорожец"

запорожец
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

Бүгінде аталмыш автокөліктердің қаңқасы ғана қалған. Бірақ Владимир оны қайта қалпына келтіруден тайсалмайтынын жеткізді. Оның бұл сөзі тым сенімді шықты.

Владимир автоколлекционер
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

Владимир аулада өзі тұрғызған баспанасын да көрсетті. Үй деп айтуға ауыз бармайтын лашықтың биіктігі 2 метрге де жетпейді. Ішінде темір пеш тұр.

темір пеш
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

Владимирдің айтуынша, өзі танымайтын қайырымды жан оған 1 миллион теңге ұстатыпты.

"Сол ақшаға үй тұрғызуға материал сатып алдым: сплиттер кірпіш, шатырын жабатын қаңылтыр, құм-топырақ пен цемент", - дейді ол.

Көлемі 6-8 шаршы метр болатын лашықта Владимир анасы және әпкесімен тұрып жатыр. Ортадағы пештің аузы ашық, от жанып жатты. Үй ішін ыс алып кеткен. Төрде анасы мен әпкесі тамақтанып отырды. Электр жарығы атымен жоқ.

отын
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

Қыс бойы қарағашты отын қылған көрінеді. Себебі сарайда бұталған ағаштарды байқауға болады.

"Бізде жарық жоқ. Кешке шырақ жағамыз", - дейді Владимир.

Автоколлекционер баспанамен бірге кішігірім монша салып алған.

монша
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

Владимир Алматыда жеке үйі болғанын айтады. Сөзіне сенсек, оны қарыз болғаны үшін біреулер (банк емес) тартып алған.

Владимир нақты жасын айтуды жөн көрмеді.

"Қазір зейнет жасындамын. Бірақ еңбек кітапшамды жоғалтып, зейнетақымды рәсімдей алмай жүрмін", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897765-anasymen-birge-kolik-mazarynda-turatyn-almatylyq-turaly-ne-bilemiz-foto/

pixel