RU

Қиясов "Спутник V" вакцинасын салдырғаннан кейін өзін қалай сезінетінін айтып берді

Ерлан Қиясов
Ерлан Қиясов. Фото: NUR.KZ / Алена Бутенко

Өткен аптада коронавирусқа қарсы вакцина салдырған Денсаулық сақтау вице-министрі - еліміздің бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов қазіргі жағдайы туралы айтып берді деп хабарлайды Zakon.kz.

Қиясовтың айтуынша, бүгінде өзін жақсы сезінеді, әдеттегідей жұмысын жалғастыруда.

"Вакцина салғаннан кейін денсаулығымда айтарлықтай өзгеріс болғанын сезбедім", - дейді маман.

Сонымен қатар еліміздің бас санитарлық дәрігері неге отандық препаратты күтпестен, ресейлік "Спутник V" вакцинасын салдыруды ұйғарғанын түсіндірді.

"Қазақстанда вакцинацияның бірінші кезеңі пандемия басталғалы бері COVID-19-қа қарсы күресте алдыңғы қатарда болған медицина қызметкерлерін қамтыды. Мен елдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері ретінде әріптестеріме осы маңызды іс-шарада қолдау көрсетуді жөн санадым, сондай-ақ вакцинацияның қауіпсіздігі мен маңыздылығын өзіме вакцина салдыру арқылы көрсеткім келді", - дейді Ерлан Қиясов.

COVID-19-ға қарсы вакцина салдырғаннан кейін карантиндік талаптарды сақтау талап етіле ме деген сауалға, Қиясов адам ағзасында қорғаныш қасиетін тудыратын антиденелер вакцина салынғаннан кейін шамамен 12-14 күн өткеннен кейін пайда бола бастайтынын айтты.

Ол коронавирусты жұқтыру қаупі бар екендігінін алға тартып, кез келген адам вакцина салдырғаннан кейін де, барлық карантиндік шараларды сақтауы керектігін ескертті.

Нақтырақ айтсақ, маска тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, адамдар көп шоғырланатын орындардан аулақ болу, антисептиктерді үнемі қолдану, қолды жуу сынды тағы басқа шараларды сақтау маңызды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898054-qiyasov-sputnik-v-vakcinasyn-saldyrgannan-keiin-ozin-qalai-sezinetinin-aityp-berdi/