Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жалаңаяқ кетіп қалған": Атырауда 29 жастағы азаматқа іздеу салынды (фото)

Опубликовано:

Көрнекі
Фото: Ақ Жайық

Атырауда 5 ақпанда қала маңындағы Талқайраң ауылында жоғалып кеткен 29 жастағы Наурыз Әйтекешовті іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. 50-ге жуық ерікті, полиция мен төтенше жағдай қызметінің қызметкерлері әр үйді тінтіп шыққанымен, нәтиже болмай тұр деп хабарлайды Ақ Жайық басылымы.

Наурыз Әйтекешов - отбасындағы 9 баланың төртіншісі. Олар Қарабатаннан көшіп келіп, Талқайраннан үй салып алған.

Бұрын Наурыздың Атырауда жұмыс істегені белгілі болды.

Басылымның жазуынша, бір күні түнгі уақытта жұмыстан келе жатып ол есінен танып құлаған. Содан бері есі кіресілі-шығасылы. Анасы Қарлығаш Махамбетова оны апармаған жері қалмағанын айтады. Алайда ем қонбады, дейді.

Фото
Фото: Ақ Жайық

Сонымен қатар Қарлығаш Махамбетова ұлының мінезі жақсы екенін, үйден көп шықпайтынын атап өтті.

"5 ақпан күні кешке қарай үйден шығып кеткен. Қалай шыққанын байқамай қалдық. Өз күшімізбен іздеп, таба алмаған соң, полицияға хабарластық. Әлі таба алмай жатырмыз", - дейді ол.

Анасының сөзінше, Наурыз бұрын да үйден кетіп қалған.

"Бірақ осылай ұзақ уақыт жоғалған емес, бірден табылатын. Сол күні үйде кішкентай балалар болды. Мүмкін балалар шулаған соң, сыртқа шығып кеткен болар. Аман-есен табылса екен", - деді Қарлығаш Махамбетова.

Фото
Фото: Ақ Жайық

Наурыз үйден үстіне сыртқы киімін киместен, жалаңаяқ кетіп қалған.

Әлеуметтік желіге хабарландыру берілген соң оны Атырау қаласындағы Береке ауданынан, Жұлдыз ықшамауданынан, кейін Атырау-Доссор тас жолының бойынан көргендер табылған.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, Наурыз ешқандай бейнебақылау камерасына түспеген.

Фото
Фото: Ақ Жайық

Әкесі Рафхат Әйтекешов Наурызды психологиялық ауруханаға жатқызбақ болған екен, бірақ оны қабылдамапты.

Фото
Фото: Ақ Жайық

Наурыздың қолында GPS-білезігі болған, бірақ жоғалатын күні оны қолынан шешіп тастаған.

"Біз туған-туыстың бәріне хабарластық, ешкімге бармапты", - дейді әкесі.

Ал полиция іздеу жұмыстары жалғасын айтты.

"Мүмкін жерлердің барлығын тексеріп шықтық. Алайда нәтиже болмай тұр. Іздеу жұмыстары жалғасады", - деді тәртіп сақшылары.

ТЖД жедел-құтқару жасағы бөлімінің бастығы Самат Құмашев іздеу жұмыстарына 8 ақпанда МИ-8 тікұшағы қосылғанын хабарлады. Бұдан басқа, іздестіру иттері де жұмылдырылған.

Фото
Фото: Ақ Жайық

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898068-zalanayaq-ketip-qalgan-atyrauda-29-zastagy-azamatqa-izdeu-salyndy-foto/

pixel