Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда сапасыз интернеттің жырына жол азабы қосылған ауыл тұрғындары шу шығарды

Опубликовано:

Ауыл
Кадр: "КТК" арнасы

Алматы іргесіндегі Тұздыбастау ауылының тұрғындары "жолды жабамыз" деп шу шығарды. Жол азабын тартып жүрген ауыл тұрғындары көшелері тобықтан батпақ екенін айтуда. Онлайн-сабақ басталғалы сапасыз интернеттің де жыры қосылған деп хабарлайды КТК арнасы.

Ауыл тұрғыны Рамиля Тоқтахунова баласын мектепке жеткізуі азап екенін айтып, мұңын шақты. Ол кешқұрым уақыты киім мен бәтеңкенің батпағын тазалаумен өтетінін айтады.

"Әкімдік біздің мәселені білмегендей. Интернет те жоқ, жолды да жасамады. Білмейміз, қанша жыл өтті, бес-алты жыл тұрып жатырмыз", - дейді ол.

Ауылда қар немесе жауын жауса, көшемен жүру мүмкін емес. Тұрғындар былтыр өз күштерімен жолға тас та төсеген екен. Алайда бар жыртықты жамауға ол жеткіліксіз болып отыр.

"Облыс әкімі Баталов мырзаға жазғанмын. Баталов мырза Талғар ауданының әкіміне түсіреді, Талғар ауданының әкімі Тұздыбастаудың әкіміне түсіреді, Тұздыбастаудың әкімі өзінің орынбасарын жібереді. Мен қайта-қайта жаза бергеннен, Тұздыбастаудың әкімінің орынбасары: "Аға, жаза бермесеңізші, бюджетте ақша жоқ" дейді. Тағы да айтатын мәселе – көшелердің шекарасы айқындалмаған", - дейді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Мадияр Тілеубаев.

Айжарық ықшамауданында 100-ден астам отбасы тұрады. Тұрғындардың жиналғанын естіген Тұздыбастау ауылының әкімі наразылық білдірушілерге келіп жеткен. Тұрғындар әкімді бес жылда алғаш көріп отырғанын айтуда.

"Бес жылда әкімді алғаш көріп тұрмын, бұл деген жаңалық", - дейді олар.
Ауыл тұрғындары
Кадр: "КТК" арнасы

Тұрғындардың шағымына пікір білдірген шенеунік жаңа ықшамаудан болғандықтан, жоспар бойынша жұмыс жүргізілетінін алға тартты.

"Орташа жөндеу жоспарда тұр. Бұл жерде негізі тротуар болады, Тәуелсіздік көшесі. Оны зерттеп, биылға есеп берген кезде оны кіргізгенмін. Ауыл үлкен болғандықтан, бір басы осы жерде, екінші басы ауылдың жоғарғы жағын жасаймыз", - дейді Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі Мирас Баймолданов.

Тұрғындарды Алматыға қатынайтын автобустың да алыстан айналып өтетіні титықтатқан. Мәселелердің шешімін талап еткендер жолды жабуға бекінген.

Дегенмен әкімдік "мәселе шешімін табады" деп, ашуланған адамдарды райынан қайтарған.

Айжарық ықшам ауданындағы жұрт жарықтан да әбден зәрезап болған. Трансформаторлар жеке қолда. Салдарынан қазаншының еркіне салған кәсіпкерлер ойына келген бағаны қоятын көрінеді.

Алматы іргесіндегі елдімекенде интернет те жөнді істемейді. Мәселенің бәрін естіген әкімдік "биыл бәрі шешіледі" деп сендіріп отыр.

Бірақ тұрғындар атқамінерлердің кезекті уәдесіне үлкен күмәнмен қарайды.

Дереккөз КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898154-almaty-irgesindegi-auyl-turgyndary-zoldy-zabamyz-dep-su-sygardy/

pixel