RU

Қарағандыда белгісіз ер адам кассирге бензин шашып, шағын несие ұйымын тонап кетті (видео)

Видеодағы кадр
Видеодағы кадр: instagram.com/temirtau.times

Қарағанды қаласындағы шағын несие ұйымдарының біріне қарақшылық шабуыл жасалды. Ер адам кассада отырған бойжеткенге бензин шашып, оны өртеп жіберетінін айтып, 120 мың теңгені алып кеткен деп хабарлайды Қарағанды облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға 9 ақпан күні сағат 16.00-де Қарағанды қаласындағы шағын несие ұйымдарының бірінде болған.

Медициналық бетперде киген екі белгісіз ер адам 28 жастағы кассирдің үстіне бензин шашып, оны қорқытып, 120 мың теңге ақшаны алып кеткен.

"Аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 192-бабы (Қарақшылық) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдіктілерді анықтау және ұстау үшін полиция департаментінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел топ құрылды", – деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, бұған дейін Петропавлда ер адам қоқыс жәшігімен терезені сындырып, жанармай құю бекетіне кіріп, кассадағы ақшаны қолды қылған болатын.

Дегенмен ол ізін суытпай ұсталды. Күдіктінің бұрын бірнеше рет сотталғаны, тонау сәті кезінде мас күйде болғаны анықталды.

Ұрланған ақшаның бір бөлігі тәркіленген.

Сонымен қатар Алматыда дүкенге шабуыл жасағандар ұсталған болатын.

Полицияның мәліметінше, ғимаратқа медициналық бетперде киген төрт азамат кіріп келіп, тапаншамен қорқытып, оны бір мәрте аспанға атып, ақша сұраған.

Дегенмен олар дүкенде тағы бірнеше сатушы бар екенін көріп, қорқып, қашып кеткен.

Алайда күдіктілердің екеуі жасырынып үлгермеген. Нәтижесінде барлығы қолға түскен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898167-qaragandyda-er-adam-sagyn-nesie-uiymynda-kassirdi-ortemek-boldy-video/