RU

"Жоба ескірді, металл қымбаттап кетті": Көлгінов елордадағы жаңа көпір туралы

Алтай Кульгинов
Фото: instagram.com/altay_kulginov_official

Нұр-Сұлтан әкімі халыққа есеп беру кездесуі кезінде Тәуелсіздік пен Керей және Жәнібек хандар көшелерін байланыстыратын көпір қашан пайда болатынын айтты. Алтай Көлгінов екі компания жобаға арналған тендер үшін таласып жатқанда оның ескіргенін, құрылысқа арналған металлдың қамбыттағанын ерекше жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жаңа көпір елорданың оң және сол жағалауын байланыстыруы қажет болған. Құрылыс "Барселона" тұрғын үй кешені мен "Haileybury Astana" мектебінің жанында, Керей мен Жәнібек хандар көшелерінің ортасында, Тәуелсіздік көшесінің біткен жеріндегі Есіл өзенінің үстінен түсуі керек еді.

"2019 жылы екі компания өзара дауласты, тендер ашық түрде өтіп жатыр. Олар дауласып жүргенде іс Жоғарғы Сотқа жетті, содан кейін пандемия орын алды және металдың бағасы қымбаттап кетті, сондықтан жоба ескірді.

Біз жобаны қайта қарадық. Жоба бойынша бастапқыда ванталық көпір болған, бірақ онда көптеген металл конструкциялары қажет еді - металл 30%-дан аса қымбаттағанын ескерсек, бұл сомаға жету мүмкін болмады. Көпірді басынан жобалаймыз", - деп мәлімдеді елорда әкімі.

Ол енді жоба темірбетон көпірін қарастыратынын сөз етті. Жаңа көпірдің құрылысы мен монтажы 2021 жылдың көктемінің соңында, жобалау аяқталған кезде басталады. Көпірді 2022 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Сонымен қатар, елорда әкімі Алтай Көлгінов халыққа есеп беру кездесуі кезінде Қосшы Нұр-Сұлтан қаласына қосыла ма деген көптің көкейіндегі сауалға да жауап қайырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898280-zoba-eskirdi-metall-qymbattap-ketti-altai-kolginov-elordadagy-zana-kopir-turaly/