RU

"Газет арқылы тапқан": Ақтөбеде ер адам ұлымен 30 жылдан кейін қауышты (фото, видео)

Әкесі мен ұлы
Фото: diapozon.kz

Ақтөбеде әкесі мен ұлы 30 жылдан кейін бір-ақ қауышты. Белгілі болғандай ажырасқан соң анасы ұлын алып кетіп, тегін ауыстырып тастаған. Ал бала балалар үйінде тәрбиеленген. Туыстары оны 30 жыл іздеп, "Жди меня" бағдарламасына жүгініп, ақырында газет арқылы тапқан деп жазады "Диапозон" басылымы.

Ақтөбелік ерікті Жолдас Белоқосов балалар үйінде өскен. Ол анасымен бірнеше жылдан бері кездеспеген, ал әкесін өлдіге санаған. Жігіт, тіпті, туыстарына масыл болмас үшін оларды іздеуге де тырыспаған.

Алайда, әкесінің туыстары Жолдасты ұзақ жылдар бойы іздеген болып шықты. Бала бір жасқа толғанда анасы оны алып кетіп, тегін ауыстырып тастаған екен. Содан бері олардың арасындағы байланыс үзілген.

Күндердің күнінде туыстары 30 жыл бойы іздеген Жолдасты газет арқылы тапқан. Жігіттің әкесі көшеден газетті байқап, оқып шыққан екен. Ал онда Жолдас Белоқосов жайлы айтылған көрінеді. Осылайша, туыстары желі арқылы жігіттің таныстарын іздеп, істің мән-жайын анықтайды. Ақырында Жолдастың құжаттағы әкесінің аты мен іздеп жүрген ер адамның есімі сәйкес болып шығады.

Әкесі мен ұлы қауышты
Фото: diapozon.kz
"Әкесі қатты көргісі келді, оны табуды сұрайтын. Барлық балалар үйін аралап шықтым. Жайсаңдағы колледжге 10 жылдай бардым, тексердім. Бірақ, Әбдірахманов деген текті таба алмадық. Анасы оны шекара асып, Ресейге алып кетті ме деп ойладық. "Жди меня" бағдарламасына да бердік, жауап болмады", - дейді әпкесі Балзипа Әбдірахманова.

Туыстарының сөзінше, олар Жолдасты соңғы рет 1990 жылы көрген. Жақындарында тек алты айлық Жолдастың суреті ғана қалған.

Әкесі мен ұлы қауышты
Фото: diapozon.kz

Қазір ақтөбелік азамат өз туыстарымен таныстықты жалғастырып жатыр.

"Әпкемнің айтуынша, атам қайтыс боларының алдында мені табуды тапсырыпты. Жанұямызбен оған садақа береміз. Бәрі ойда-жоқта болды. Ешкімге керек емеспін деп ойлайтынмын. Әлі де үлкен жанұям бар екеніне сене алар емесін. Әкемнің тірі екенін қуаныштымын", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898540-gazet-arqyly-tapqan-aqtobede-er-adam-ulymen-30-zyldan-keiin-qauysty-foto-video/