RU

Алматыда жоқ пәтерлерді "жалға берумен" айналысқан алаяқ әйел ұсталды

Пәтер
Көрнекі фото: Newtimes.kz

Алматы қаласында жоқ пәтерлерді "жалға берген" алаяқ әйел ұсталды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полицияның мәліметінше, 1984 жылы туған азаматша интернет желісінде қала аумағында жоқ пәтерлерді арзан бағамен жалға беру туралы жарнама беріп, жәбірленушілерден электрондық төлем жүйесі арқылы алдын ала төлем алып, одан әрі ұялы телефонын сөндіріп тастап отырған.

"Ол алаяқтық жолмен тапқан пайдасын өзінің жеке басының мұқтаждығына жұмсаған. Бұған дейін, ол осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін 2015 жылы сотты болған. Алайда бостандыққа шыққаннан кейін өзінің ескі әдетіне қайта басқан", – дейді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.

Бүгінде 36 жастағы күдіктінің 11 алаяқтық фактіге қатысты бары анықталып, дәлелденген.

Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы - 491 мың теңге. Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі бойынша іс қозғалған.

Сонымен қатар аталмыш әйелдің қатысуымен жасалған алаяқтықтың басқа да эпизодтарын анықтау жұмысы жүргізілуде.

Полицияның дерегінше, оңай жолмен пайда тапқысы келетіндердің құрығына аңғал азаматтар әлі де түсуде, салдарынан олар үлкен көлемдегі қаражатынан айырылуда.

Айта кетейік, бұған дейін ШҚО-да өзін отандық әншілердің менеджері ретінде таныстырып, көпшілікті ұтыс ойынына қатысуға шақырып, алдаған ер адамға сотталған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898548-almatyda-zoq-paterlerdi-zalga-berumen-ainalysqan-alayaq-aiel-ustaldy/