Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бүгіннен бастап жүргізуші куәлігін ұстамауға болады: Маңызды 10 сұрақтың жауабы

Жарияланған күні:

Фото
Көрнекі фото: Sputnik / Елена Бережная

Бүгіннен бастап қазақстандықтар өзімен бірге жүргізуші куәлігін алып жүрмесе де болады. Жаңа заңның талаптары бойынша тек жеке куәлікті ғана ұстауға рұқсат берілген. Полиция қызметкерлері қалған құжатты ақпараттық база арқылы тексереді. Одан бөлек, кейбір жүргізушілер бұған дейінгі айыппұлдан босатылады. Sputnik Қазақстан осы мәселеге қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабын ұсынады.

1.  Жеке куәліктің фотосын көрсете салуға бола ма?

- Бүгінде Қазақстанда цифрлық құжаттар қызметі жақсы дамыған. Алайда жеке басты куәландыратын құжаттар туралы заңнамаға сәйкес, әзірше осы санаттағы құжаттарға материалдық объектілер, яғни, қағаз үлгісіндегі құжаттар ғана жатады. Сондықтан жол полициясына жеке куәліктің фотосын көрсете салуға болмайды. Құқық қорғаушы оны қолмен ұстап, жүргізушінің жеке басын анықтауы тиіс. Болашақта цифрлық құжаттардың құқықтық мәртебесі өзгерсе, көлік жүргізушілеріне жеке куәліктің цифрлық үлгісін де қолдануға рұқсат берілуі мүмкін.

2. Жеке куәліктен бөлек қандай құжатты көрсетуге болады?

"Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" заңда осы санаттағы құжаттардың нақты тізбесі берілген. Олар:

  • Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
  • Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі;
  • Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұру ықтиярхаты;
  • Азаматтығы жоқ адамның куәлігі;
  • Қазақстан Республикасының дипломаттық паспорты;
  • Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты;
  • Босқын куәлігі;
  • Теңізшінің паспорты;
  • Шетелдік паспорт;
  • Қайтып оралуға арналған куәлік;
  • туу туралы куәлік;
  • жол жүру құжаты;

Айта кеткен жөн, туу туралы куәлік жеке куәлікке дейін қолданылатын құжат болып саналады.

3. Полицейлер басқа құжаттарды қалай тексереді?

- Полицейлер планшет арқылы көлікке қатысты барлық ақпаратты тексереді. Ол үшін жеке куәлікте көрсетілген мәліметтерді ақпараттық базаға енгізеді де, жүргізуші куәлігі, көлікті тіркеу куәлігі, сақтандыру полисі, сондай-ақ, техникалық байқау туралы құжаттардың электронды нұсқасын алып шығады.

4. Жеке куәлік болмаса, қандай шара қолданылады?

- Жүргізушінің жеке куәлігі немесе төлқұжаты болмаса, алдымен ескерту беріледі. Он күннің ішінде адам тағы жеке куәліксіз ұсталған жағдайда 5 АЕК (14 585 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал жүргізуші көліктің өзіне тиесілі екенін дәлелдей алмаса, көлік айыппұл тұрағына қойылады.

5. Көлікті айыппұл тұрағына қоюдың тағы қандай себептері бар?

- Жол полициясы планшет арқылы көлік құжаттарын тексергенде сақтандыру полисін де қарайды. Осы құжат рөлде отырған адамның атына рәсімделуі тиіс. Заң бойынша көлікті басқарып жүрген адамда тіркелген сақтандыру полисі болмаса, әкімшілік хаттама рәсімделеді. Жүргізушіге 10 АЕК (29 170 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал көлік айыппұл тұрағына қойылады. 

6. Бұған дейін жүргізуші куәлігін алмағаны үшін рәсімделген айыппұлды төлемеуге бола ма?

- Иә, жаңа заңның кері күші бар. Егер заң қабылдағанға дейін көлік иесіне жүргізуші куәлігін қалдырып кеткені үшін әкімшілік хаттама рәсімделсе, ал, ең бастысы, айыппұл төленбесе, оны алып тастайды, айыппұл кешіріледі. Ол үшін өтініш жазу қажет. Шетелдік нөмір таққан көліктер мен жүргізуші куәлігін шетелде алған жүргізушілер айыппұлдан босатылмайды.  

7. Тас жолдың бойында интернет ұстамаса, полицей көлікке қатысты мәліметтерді қалай тексереді?

- Полиция қызметкерлері интернеті жоқ елді мекендерде және тас жолдарда көлік пен жүргізушіге қатысты барлық ақпаратты радиобайланыс арқылы тексере алады.

8. Полицей жүргізуші куәлігін талап етсе, не істеу керек?

- 13 ақпаннан бастап полиция қызметкері жүргізуші куәлігін талап етсе, "102"-ге қоңырау шалуға немесе ішкі қауіпсіздік қызметіне арыз түсіруге болады. Ал әкімшілік хаттама жасалса, сотта қарсылық білдіріп, күшін жоюға мүмкіндік бар.    

9. Шетелдік нөмірмен жүрген көлік иелері қандай құжат ұстайды?

- Заңның жаңа нормасы тек Қазақстан азаматтарына ғана қатысты.  Шетелдік нөмір таққан көліктер мен жүргізуші куәлігін шетелде алған жүргізушілер өзімен бірге барлық құжатты алып жүруі тиіс.

10. Жүргізуші куәлігі мен техникалық төлқұжаттың қағаз нұсқасын шығару тоқтатыла ма?

- Жоқ, жүргізуші куәлігі мен техникалық төлқұжаттың қағаз нұсқасын беру тоқтатылмайды. Бұл әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызмет болып саналады. Оған қоса, шетелге шыққанда жүргізуші куәлігі мен техникалық төлқұжатты алып жүру керек. Жұмысқа орналасқанда категорияны да растауға болады. Сондықтан осы құжаттар шығарыла береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898824-buginnen-bastap-zurgizusi-kualigin-ustamauga-bolady-manyzdy-10-suraqtyn-zauaby/