"Банк өкілдері қоңырау шалады": ІІМ ең жиі кездесетін алаяқтық түрлері туралы айтты
Жарияланған күні:
Ішкі істер министрлігі онлайн-брифинг кезінде Қазақстанда ең жиі жасалатын алаяқтық түрлері туралы айтты. Тізімде "банк өкілдерінен" түсетін қоңыраулар мен Instagram арқылы сату бар деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Instagram арқылы сату
ІІМ хабарлауынша, Нұр-Сұлтан полиция департаментінің қызметкерлері Instagram желісінде iPhone сатамын деп хабарландыру берген жас жігітті ұстаған.
Оның 15 алаяқтық жасағаны анықталған. Келтірілген шығын 3 млн теңге.
Өзгенің құжаттарымен шағын несиелер алу
Онлайн-несиелерді шағын несиелік ұйымдарда заңсыз тіркеу жағдайлары да жиілеп кеткен. Қылмыскерлер азаматтардың дербес деректерін интернет арқылы алу үшін түрлі амалдар іздейді.
"Шымкент тұрғыны әлеуметтік желіден табылған құжаттар туралы хабарландыруды тапқан. Жеке куәліктің суреттерінен деректерді алған алаяқ әртүрлі облыс тұрғындарының атына 50 онлайн несие рәсімдеген", - дейді ІІМ криминалды полиция департаменті басшысының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов.
Биржадағы ставкалар және "сарапшылар"
Алаяқтықтың тағы бір тәсілі - букмекерлік кеңселер мен биржаларға инвестиция салу туралы ұсыныс.
"Алаяқ өзінің құрбандарын пайда табуға кепілдік беретін дұрыс ақпараты бар екеніне сендіреді. Бұл әртүрлі ойындар мен жарыстардың нәтижелеріне болжам жасау, белгілі ірі компаниялардың акцияларына баға белгілеу және т.б. болуы мүмкін. Осындай қылмыстар жасап, 3 млн теңгеге аңқау азаматтарды алдап соққан Қарғанды облысының тұрғыны ұсталды", - дейді ІІМ.
"Банк өкілдерінің" қоңырауы
Сондай-ақ алаяқтар банк карталары мен депозиттерге қол жеткізу үшін азаматтардың жеке деректерін иемденуге тырысуда.
"Азаматтарға "банк өкілдері" хабарласып, клиенттің картасымен күмәнді операциялар жасалып жатқанын хабарлаған жағдайлар да кездескен. Операцияны бұғаттау үшін картадағы реквизиттер мен артқы бетіндегі CVV-кодын нақтылау ұсынылады. Алынған деректердің көмегімен интернет-банкингке қосылып, шоттағы ақшалар ұрланады. Немесе ақшаның сақталуын қамтамасыз ету үшін алаяқтар оны өздеріне тиесілі резервтік сақтандыру шотына аударуды ұсынады", - дейді Нұрмағамбетов.
Тауар үшін картаға кепілақы төлеу
"Басқа жағдайларда алаяқтар сату туралы хабарлама бойынша азаматтармен WhatsApp арқылы байланысып, банк картасына кепілақыны қабылдауын сұрайды. Тауардың берілуі мен жеткізілуін растау үшін алаяқтар сатушыға сілтеме жіберіп, оны толтыруды сұрайды. Іс жүзінде сілтеме фишинг және ол азаматтардың карта шоттары туралы ақпарат жинауға арналған. Осы мәліметтерді алған алаяқтар жәбірленушілердің банк шоттарынан ақша аударады", - дейді ІІМ.
Қауіпсіздік шаралары
Ішкі істер министрлігі алаяқтықты болдырмауға мүмкіндік беретін қауіпсіздік шараларын еске салды:
- Дербес деректерді, карта реквизиттерін, аударымдар туралы квитанцияларды, кодтар мен код сөздерді ешкімге, тіпті өзін банк, полиция қызметкерлері ретінде таныстырғандарға да хабарлауға болмайды.
- Дербес деректерді белгісіз әрі тексерілмеген сайттар мен басқа да дереккөздерге сеніп тапсыруға, тексеріссіз алғытөлем жасауға болмайды.
- Күмәнді операциялар бойынша ақша аударымдарын жасамаңыз, айқын табыс көзі жоқ қаржылық схемалардан сақ болыңыз.
- Қосымшаларды жүктеу үшін тек App Store мен Play Market-ті пайдаланыңыз.
- Сізге төлем үшін жіберілген немесе СПАМ сілтемелерге өтпеңіз.
- Есте сақтаңыз, төлем жасау үшін картаның 16 саны жеткілікті. CVV-код, код сөз, ЖСН және басқа да деректер қажет емес.
- Кілтсөзді жиі өзгертіп, банк тарапынан ұсынылған 3D-қорғанысты және басқа да қауіпсіздік шараларын қолданыңыз.
- Өз шотыңыздағы ақша аударымдарын жиі тексеріп отырыңыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898993-bank-okilderi-qonyrau-salady-iim-en-zii-kezdesetin-alayaqtyq-turleri-turaly-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.