RU

Он саусағынан өнер тамған атыраулық тігінші туралы не білеміз

Фото
Фото: Бекзат Арыстановтың жеке мұрағаты

Атырау облысы Мақат ауданының 26 жастағы тұрғыны Бекзат Арыстанов тігіншілік кәсібінің арқасында нәпақасын тауып отыр. Он саусағынан өнер тамған жігіт іс тігуге бала кезінен қызығушылық танытқан деп хабарлайды Ақ Жайық басылымы.

Бекзаттың бұл іске деген сүйіспеншілігін оятқан нағашы әжесі екен. Ол уағында құрақ көрпе, түрлі киімдер тіккен. Осыны көріп өскен Бекзат кішкентайынан ине ұстағанын жасырмады.

"Ұқыптылыққа әжем үйретті, қисық тіксем, сөктіріп, кері тіктіретін. "Ой, құрсыншы, осылай жарайды десең, соған дағдыланып кетесің" деп үнемі айтып отыратын", - дейді тігінші жігіт.

Оның сөзінше, алғаш рет іс тігетін аяқты ескі машинаға 13 жасында отырған. Бұл өте күрделі құрылғы, инемен және аяқ педальмен бір уақытта жұмыс істеу керек, дейді Бекзат. Басында ол қатар жасай алмай, үш жылдан кейін үйренген.

"Ол кезде пішу дегенді білмейтінмін. Ата-анам қолымнан қақпай, хоббиімді әрі қарай сүйікті іске айналдырып, мақсатымның жүзеге асуына атсалысты", - дейді Бекзат.

Фото
Фото: Бекзат Арыстановтың жеке мұрағаты

Тігінші жігіт мектепті бітіргеннен кейін университетке дизайнер мамандығы бойынша оқуға түскен.

"Университетте көп нәрсені үйрендім. Жоғарғы курста Айзада Кенен деген мұғалім сабақ берді. Жас болса да, білімді, білікті еді, ең бастысы білгенін шәкірттеріне жеткізе білетін. Апайыма алғысым шексіз", - дейді Бекзат.

Бекзат қазіргі уақытта Мақат аудандық мәдениет үйінің суретшісі және веб-дизайнер болып жұмыс істейді.

"Түрлі мультфильм кейіпкерлерінің костюмін тігемін. Тұрғындардан да киім тігуге тапсырыстар аламын. Сән үлгілерін өзім ойлап тауып, эскиздерін сызып аламын. Жалпы табиғи маталармен жұмыс жасағанды ұнатамын. Киіммен қатар құрақ көрпе тігемін. Ал қазір ұлттық рухани құндылықтарымыздың бірі - кимешек тігуді қолға алдым.

Қазақстандық дизайнерлердің ішінде марқұм Берік Исмаилов, Аида Кауменова, ұлттық нақышта киізден киім тігетін Ая Бапани, ақтаулық "НұрШах" сән үйінің мамандары ұнайды. Шетелдік дизайнерлердің жұмысын да қадағалап отырамын. Шанельдің стилін жақсы көремін. Негізі дизайнерлерде авторлық құқық деген болады ғой. Сондықтан белгілі брендтерді қайталамаймын, керегімді алып, өзім өзгерістер енгіземін", - дейді Беказат.

Оның айтуынша, әр кәсіптің өзіндік қызығы мен қиындығы болатыны белгілі.

"Қиналған кездерімде "Сабыр түбі – сары алтын" деген қағиданы ұстанамын. Алған тапсырысты уақытында бітіруге тырысамын. Тұтынушымның көңілінен шықпай қалған кездер әзірге болған жоқ", - дейді он саусағынан өнер тамған атыраулық азамат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899047-on-sausagynan-oner-tamgan-atyraulyq-tiginsi-turaly-ne-bilemiz/