Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Перудің сыртқы істер министрі COVID-19 екпесін кезектен тыс алғаны үшін отставкаға кетті

Опубликовано:

Элизабет Астете1
Элизабет Астете. Фото: tvperu.gob.pe

Перудің сыртқы істер министрі Элизабет Астете коронавирусқа қарсы екпені кезектен тыс қабылдағаны үшін отставкаға кетті. Ол қызметінен кететінін жексенбі, 14 ақпан күні мәлімдеді деп хабарлайды Азаттық.

Элизабет Астетенің айтуынша, ол қытайлық Sinopharm компаниясының екпесін елде клиникалық сынақ өтпей тұрып және жалпыұлттық вакциналау бағдарламасы басталмай жатып салдырып алған.

Қызметіне былтырғы қарашада тағайындалған Астете вакцинаны 22 қаңтар күні алғанын, екпені қытайлық вакцинаны сынақтан өткізуге жауапты Каэтано Эредиа университеті ұсынғанын айтты.

"Қандай ауыр қателік жасағанымды түсініп отырмын. Сол себепті вакцинаның екінші дозасын қабылдамайтын болдым. Осыны алға тартып, президентке отставка жөнінде өтініш бердім", - деп жазды Элизабет Астете Twitter-де.

Бір күн бұрын ел президенті Франциско Сагасти вакцина төңірегіндеу өзге бір дауға байланысты денсаулық сақтау министрі Пилар Маццеттидің отставкасын қабылдағанын мәлімдеген еді.

Мәселе Перудің экс-президенті Мартин Вискарраның кезектен тыс вакцина алуынан туған.

Дегенмен Вискарра екпе салдыру үшін кезектен аттамағанын, вакцинаны сынақ аясында алғанын айтқан.

Айта кетейік, қаңтар айының басында Перу үкіметі қытайлық Sinopharm компаниясымен вакцинаның 38 миллион дозасын сатып алу жөнінде келісімшарт жасасқан.

Өткен аптада осы келісімшарт аясында тапсырыстың 300 мың доза көлеміндегі алғашқы бөлігі жеткізілген. Ал вакциналау бағдарламасы өткен аптаның сейсенбісінде ғана басталған. Екпені бірінші болып медицина қызметкерлері қабылдай бастаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899075-peru-syrtqy-ister-ministri-covid-19-ekpesin-kezekten-tys-algany-usin-otstavkaga-ketti/

pixel